$ 510.19 € 582.79 ₽ 6.46

Қырғызстанның экс-президенті сотталды

Дулат Абдраманов
04 маусым 2025 10:10 33
Қырғызстанның экс-президенті Алмазбек Атамбаев тағы да қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Бұл жолы Бішкектің Бірінші Май аудандық соты оны бірден бірнеше бап бойынша кінәлі деп тауып, сырттай 11 жыл 3 айға бас бостандығынан айырды. Үкімге сәйкес, Атамбаевтың мүлкі тәркіленіп, мемлекеттік марапаттарының барлығы қайтарылып алынатын болды.
Қырғызстанның экс-президенті сотталды Сурет авторы: © РИА Новости / Михаил Климентьев

Сот үкімінде көрсетілгендей, Атамбаев Шу облысындағы Қой-Таш ауылынан жер телімдерін заңсыз алғаны, Бішкек ЖЭО-ны жаңғырту барысында жемқорлыққа жол бергені және 2019 жылғы Қой-Таштағы жаппай тәртіпсіздіктерге тікелей қатысы бары дәлелденген. Айыптаушылардың мәліметінше, бұл істе өзге де жоғары лауазымды шенеуніктер бар, олардың кейбірі нақты мерзімге сотталған.

Еске салайық, Алмазбек Атамбаев Қырғызстанды 2011 жылдан 2017 жылға дейін басқарған. Ол президенттік мерзімі аяқталған соң біраз уақыт саяси аренада қалғанымен, 2019 жылы Қой-Ташта күш құрылымдары оны ұстау операциясын жүргізген. Сол оқиға кезінде арнайы жасақпен қақтығыс орын алып, бір сарбаз көз жұмған болатын.

Атамбаев 2020 жылы алғаш рет 11 жылға сотталды, бірақ 2023 жылы денсаулық жағдайына байланысты түрмеден босатылды. Кейін Испанияға кеткені хабарланғанымен, Қырғызстанға қайтып оралмаған. Соған қарамастан, сот процесі сырттай жалғасып, енді оған қатысты кезекті үкім шықты.

 

Соңғы жаңалықтар