$ 456.88 € 534.64 ₽ 5.47

Құрылтай сайлауынан кейін Үкімет құрамында өзгерістер болады – Тоқаев

Абдрахманов Мағжан
23 тамыз 2026, 13:10
Құрылтай сайлауынан кейін Үкімет құрамында өзгерістер болады – Тоқаев Сурет авторы: Ақорда

Құрылтай сайлауынан кейін Үкімет отставкаға кетіп, оның құрамында бірқатар өзгеріс болады. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сайлау учаскесінде журналистерге өткізген брифингінде айтты.

Мемлекет басшысының сөзінше, жалпы Үкімет табанды жұмыс істеп, алдына қойылған міндеттерді орындап келеді. Алайда әлемдегі бәсекелестік күшейіп, нарық жаңа талаптар қойып отырғандықтан, Үкімет те соған сай әрекет етуге тиіс.

«Сондықтан, әрине, Үкімет отставкаға кетуі керек, Үкімет құрамында кейбір өзгерістер болады. Бірақ Құрылтай сайлауы өтіп жатқан осындай қасиетті күні сіздерге ашық айтайын, жалпы Үкіметтің жұмысына алаңдауға немесе оның жұмысына көңілім толмайды деуге ешқандай негіз жоқ. Министрлер де, Үкімет басшысы да бар күшін салып жұмыс істеп жатыр», – деді Тоқаев.

Президент кадрлық өзгерістердің мемлекеттік басқаруда қалыпты құбылыс екенін айтып, мұндай шешімдер Үкімет жұмысына жаңа серпін беруі керек екенін атап өтті.

«Мәселе біреуді қызметтен босатуда емес. Мен әрдайым қызметтен босату үшін ғана қызметтен босатуға, ақпарат кеңістігін толтыру үшін кадрлық шешім қабылдауға қарсы болдым. Өзгерістің мақсаты – жұмысқа шын мәнінде елеулі серпін беру», – деді Мемлекет басшысы.

Тоқаевтың айтуынша, кадрлық өзгерістер қашанда болады және олар Үкімет жұмысына жаңа күш береді.

Соңғы жаңалықтар