$ 440.86 € 500.77 ₽ 5.27

Қуаңшылыққа қарамастан қамба астыққа толды

Редакция
30 қыркүйек 2026, 17:21
Қуаңшылыққа қарамастан қамба астыққа толды Сурет авторы: Үкімет баспасөз қызметі

Биыл республика бойынша егін жинау науқаны жалғасып жатыр. Оңтүстік өңірлерде өнім жинау жұмыстары аяқталуға жақын. Вегетациялық кезеңде еліміздің солтүстік және орталық облыстарының бірқатарында жауын-шашынның аз болуы астық түсіміне белгілі бір қауіп төндіргенімен, шаруалар қиындыққа қарамастан мол өнім жинауға мүмкіндік алды.

Бұл туралы Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов мәлімдеді.    Вице-министрдің айтуынша, биылғы егін науқаны шаруалар үшін оңай болған жоқ. Көктем мен жаз айларында еліміздің солтүстік және орталық өңірлерінің бірқатарында жауын-шашын мөлшері азайып, құрғақшылық қаупі күшейді. Мұндай ауа райы жағдайында бұған дейін гектарынан 8-9 центнерден артық өнім алу қиын еді. Алайда биылғы көрсеткіш бұл қалыптасқан түсінікті өзгертіп отыр. Қолайсыз табиғи жағдайға қарамастан, республика бойынша астық түсімі көпжылдық орташа көрсеткіштен жоғары болады деп күтілуде. Бүгінде 13,5 млн гектар дәнді дақыл жиналып, 19,9 млн тонна астық бастырылды. Орташа өнімділік гектарына 14,7 центнерді құрап отыр.

Бұл нәтижеге табиғаттың өзі ғана емес, шаруаның алдын ала жасаған жұмысы мен мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау да әсер етті. Вице-министрдің айтуынша, жеңілдетілген қаржыландырудың арқасында шаруалар қажетті агротехникалық шараларды уақытында әрі сапалы жүргізуге мүмкіндік алған. Яғни биылғы егіннің нәтижесі бір ғана ауа райының емес, жыл бойы жүргізілген дайындық жұмыстарының да көрсеткіші.

Жалпы, биыл республика бойынша 24,2 млн гектар алқаптан өнім жиналуға тиіс. Оның 15,6 млн гектардан астамы – дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар. Қазіргі таңда астық алқабының 83 пайызы орылып қойды. Бірқатар өңірде науқан мәреге де жетті. Батыс Қазақстан облысында астық жинау толық аяқталса, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Жамбыл және Қарағанды облыстарында жұмыстардың 95 пайыздан астамы орындалған.

Мұндай көрсеткішке техника мәселесінің де ықпалы бар. Биылғы егін жинау науқанына 130 мың трактор, 29 мың астық жинайтын комбайн, 17 мың жатка және басқа да 130 мың техника жұмылдырылды. Оның ішінде жеңілдетілген лизинг бағдарламасы арқылы шаруалар алған 12,7 мыңнан астам трактор мен 2,3 мың комбайн жұмыс істеп жатыр. Бұл – қолданыстағы техника паркінің шамамен он пайызы.

Техника паркінің жаңаруы да соңғы жылдары жүйелі жүргізілген жұмыстың нәтижесі. Мемлекеттік инвестициялық субсидиялау шаралары, ең алдымен, отандық техника өндірушілерін қолдауға бағытталып, шаруалардың жаңа техника алуына жол ашты. Соның нәтижесінде ауыл шаруашылығы техникасының тозу деңгейі 70 пайызға дейін төмендеген. Ал техниканы жаңарту деңгейі 6,5 пайызға жеткен.

Егіннің жайын жанармайсыз елестету мүмкін емес. Биыл өңірлерге егін жинау жұмыстарына 401,1 мың тонна дизель отыны бөлінді. Оның 268 мың тоннасы шаруаларға жөнелтілген. Жауын-шашын салдарынан астықты кептіру қажеттілігі артқанын ескеріп, қосымша 41,3 мың тонна дизель отыны да қарастырылды.

Алайда биылғы егін науқанының басты ерекшелігі тек жиналған астық көлемінде емес. Соңғы жылдары ауыл шаруашылығында егіс құрылымын өзгертуге басымдық беріліп келеді. Бидай алқаптарын қысқарта отырып, жоғары рентабельді майлы дақылдардың көлемін арттыру қолға алынған. Соның нәтижесінде 2024 жылдан бері майлы дақылдардың егіс көлемі 2,2 млн гектарға ұлғайып, 5,2 млн гектарға жетті. Ал екі жылда жүгері алқабы тағы 120 мың гектарға артқан.

Егіс құрылымындағы бұл өзгерістің өзі аграрлық саясаттың жаңа бағытын аңғартады. Бұрын егістіктің басым бөлігін дәнді дақылдар құраса, қазір шаруалар нарықтағы сұраныс пен өңдеу мүмкіндігіне қарай дақыл түрін таңдауға көбірек мән беріп отыр. Нәтижесінде дәнді дақылдардың үлесі 72 пайыздан 66 пайызға дейін төмендеп, майлы дақылдардың үлесі 13 пайыздан 18 пайызға өскен.

Майлы дақылдардың биылғы көрсеткіші де көңіл аударарлық. Қазірдің өзінде 2,4 млн гектар алқап жиналып, 2,4 млн тонна майлы тұқым бастырылды. Науқан соңында 5 млн тоннадан астам майлы дақыл алу болжанып отыр. Бұл – рекордтық көрсеткіш болуы мүмкін.

Егін жинаумен қатар келесі жылдың қамы да қатар жүргізіліп жатыр. Өйткені бір жылдың өнімін жинау – келесі жылдың өнімін қалыптастыру жұмыстарының аяқталғанын білдірмейді. Қазір шаруалар күзгі агротехникалық шараларға кірісіп, жерді өңдеп, тыңайтқыш енгізіп, тұқым қорын толықтыруда.

Биыл тыңайтқыш енгізу жоспары 2,3 млн тоннаны құрайды. Қазіргі уақытта оның 2,1 млн тоннасы немесе ғылыми норманың 66 пайызы енгізілген. 2027 жылғы өнімге қажетті тұқым көлемі 2,3 млн тонна болса, бүгінге дейін оның 2 млн тоннасы, яғни қажеттіліктің 90 пайызы дайындалған.

Вице-министр бұл жұмыста тыңайтқыштың көлемінен бұрын оны дұрыс қолданудың маңызы жоғары екенін атап өтті. Оның айтуынша, тыңайтқышты тиімді пайдалану үшін топырақтың нақты жағдайын, оның құрамындағы қажетті элементтердің деңгейін білу қажет. Осы мақсатта ауыл шаруашылығы алқаптарын цифрландыру жұмыстары жүргізіліп, топырақтың агрохимиялық және геоботаникалық сипаттамаларын қамтитын жаңа ақпараттық жүйе әзірленіп жатыр.

Қаржы мәселесі де егін науқанының нәтижесіне тікелей әсер ететін факторлардың бірі. Биыл көктемгі дала және егін жинау жұмыстарын жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы аясында 5,8 мыңға жуық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушіге 665 млрд теңге бөлінген. Қаржының уақытылы берілуі шаруаларға техниканы алдын ала дайындап, қажетті материалдық ресурстарды сатып алып, маусымдық жұмыстарды оңтайлы мерзімде жүргізуге мүмкіндік берген.

Бұл қолдау келесі жылғы егіс науқанына да жалғасады. Қазан айынан бастап 2027 жылғы егіс жұмыстарын ерте қаржыландыру тетігі іске қосылады. Бұдан бөлек, жеңілдетілген лизинг бағдарламасы бойынша 288 млрд теңгеге 8,6 мың ауыл шаруашылығы техникасы берілген.

Енді жиналған өнімді сақтау мәселесі алдыңғы қатарға шығады. Республика бойынша астық сақтау сыйымдылығы 30,5 млн тоннаны құрайды. Оның ішінде лицензияланған астық қабылдау кәсіпорындарының сыйымдылығы – 13,1 млн тонна, ал ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің өз қоймаларындағы көлем – 17,4 млн тонна.

Қазірдің өзінде лицензияланған астық қабылдау кәсіпорындарына жаңа өнімнің 4,9 млн тоннасы жеткізілген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 20 пайызға жоғары. Сақтауға түскен жұмсақ бидайдың 74 пайызы жоғары сапалы бидай санатына жатқызылған.

Демек, биылғы науқанның басты сабағы – қуаңшылық қаупіне қарамастан, өнімді сақтау мен арттыру тек табиғи жағдайға тәуелді емес екенін көрсетті. Агротехнология, уақытылы қаржыландыру, техника, тыңайтқыш, сапалы тұқым және егісті әртараптандыру секілді факторлардың барлығы түпкі нәтижеге әсер етеді.

Алдағы міндет – егінді уақытында толық жинап алу ғана емес, оны ысырапсыз сақтау және алынған шикізатты терең өңдеу. Бұл бағытта да нақты жобалар қолға алынған. 2029 жылға дейін жалпы құны 4 млрд АҚШ долларын құрайтын, қуаттылығы 5,8 млн тонна болатын алты ірі жоба іске асырылмақ. Биылдың өзінде жүгеріні терең өңдеу бойынша Түркістан және Жамбыл облыстарында екі жоба іске қосылды.

Ауыл шаруашылығындағы өзгеріс мұнымен шектелмейді. Мақта шаруашылығында да су үнемдеу технологиялары кеңінен енгізіліп келеді. Соңғы екі жылда тамшылатып суару қолданылатын мақта алқабы 3 мың гектардан 80 мың гектарға дейін ұлғайған. Биыл 70,5 мың тонна шитті мақта жиналды.

Ендігі кезеңде әкімдіктердің алдында егін жинауды толық аяқтау, элеваторлардың үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету, астық кептіруге байланысты мәселелерге жол бермеу және 2027 жылғы өнімге сапалы тұқым қорын толық қалыптастыру міндеті тұр.

Қуаңшылық қаупі күшейген маусымда гектарына 14,7 центнер орташа өнім алып, 19,9 млн тонна астық бастыру – егіншіліктің табиғи жағдайға ғана емес, алдын ала жасалған жүйелі дайындыққа да тәуелді екенін көрсететін нақты көрсеткіш. Енді басты мәселе – жиналған өнімді сақтап, оның экономикалық қайтарымын арттыру.

Соңғы жаңалықтар