$ 454.98 € 509.53 ₽ 5.37

Қорғаныс министрлігінде ауқымды аудит басталды: 48 әскери бөлім тексеріледі

Абдрахманов Мағжан
05 қазан 2026, 17:11
Қорғаныс министрлігінде ауқымды аудит басталды: 48 әскери бөлім тексеріледі Сурет авторы: Ақорда

Қорғаныс министрлігінде бюджет қаражатының қаншалықты тиімді жұмсалғанын анықтау үшін жоспардан тыс аудит жүргізіліп жатыр. Тексеріс 50 нысанды, оның ішінде 48 әскери бөлімді қамтиды. Бұл туралы Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа баяндады.

Аудит жүргізу үшін мемлекеттік аудит саласының мамандары, сондай-ақ ақпараттық технологиялар мен байланыс саласының сарапшылары кірген арнайы топ құрылған. Тексеру барысында Қарулы күштер қызметінің негізгі бағыттарына баға беріледі.

Атап айтқанда, әскери бөлімдердің материалдық-техникалық жабдықталуы, жеке құрамның даярлығы, әскери оқу-жаттығулардың өткізілуі, әскери инфрақұрылым, қару-жарақ пен техниканы жаңарту және цифрлық жүйелердің жұмысы тексеріледі.

Сондай-ақ Смайылов Президентке мемлекеттік қорғаныс тапсырысына жүргізілген аудиттің нәтижелерін таныстырды. Жоғары аудиторлық палата анықталған заң бұзушылықтарды жою үшін Үкімет пен тиісті мемлекеттік органдарға 57 ұсыным мен тапсырма жолдаған.

Кездесуде экономикалық даму мен әлеуметтік саланың басым бағыттары бойынша жоспарлы аудиттердің барысы да сөз болды. Бұдан бөлек, Смайылов Астанада 19 елдің қатысуымен өткен Азия жоғары аудит органдары ұйымы Басқарма кеңесінің 63-отырысының қорытындысын баяндады. Мұндай жиын Қазақстанда алғаш рет ұйымдастырылған.

Кездесу соңында Президент Қорғаныс министрлігіндегі аудитті жүргізу және мемлекеттік аудит жүйесін жетілдіру жөнінде бірқатар тапсырма берді.

Соңғы жаңалықтар