$ 509.63 € 592.34 ₽ 6.54

Қонаев қаласында төтенше жағдай режимі енгізілді

Абдрахманов Мағжан
18 желтоқсан 2025, 10:23
Қонаев қаласында төтенше жағдай режимі енгізілді Сурет авторы: Қонаев әкімдігі

Қонаев қаласында бірқатар тұрғын үй мен ғимараттың шатырлары зақымдануына байланысты төтенше жағдай режимі жарияланды. Бұл туралы қала әкімдігі хабарлады.

Әкімдіктің мәліметінше, 11 желтоқсаннан 12 желтоқсанға қараған түні екпіні секундына 25 метрден асатын қатты жел соғып, тұрғын үйлер мен нысандардың шатырларын ұшырып кеткен. Сондай-ақ көшені жарықтандыру бағандары істен шыққан.

Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес, атап айтқанда «Азаматтық қорғау туралы» және «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заңдар негізінде Қонаев қаласының әкімі табиғи сипаттағы жергілікті деңгейдегі төтенше жағдай режимін енгізу туралы шешім қабылдады.

17 желтоқсаннан бастап қала аумағында төтенше жағдай режимі ресми түрде күшіне енді. Әкімдік хабарламасында төтенше резерв қаражаты есебінен зақымданған нысандарда жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жүргізілетіні айтылған.

Қаладағы коммуналдық қызметтер 11 желтоқсаннан бері күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Қазіргі уақытта Қонаевтағы жағдай тұрақты. Электр энергиясы, су және жылумен жабдықтау қалыпты режимде жүзеге асып жатыр.

Соңғы жаңалықтар