$ 490.58 € 584.77 ₽ 6.34

«Кофе ішіп отыратындарға орын жоқ»: «Самұрық-Қазына» Тоқаевтың сынынан кейін штатты қысқартуы мүмкін

Абдрахманов Мағжан
11 ақпан 2026, 16:16
«Кофе ішіп отыратындарға орын жоқ»: «Самұрық-Қазына» Тоқаевтың сынынан кейін штатты қысқартуы мүмкін Сурет авторы: sk.kz

«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сынынан кейін «сол жағалаудағы» кадрлар санын қысқартып, құрылымын қайта қарауы мүмкін. Бұл туралы ҚазТАГ агенттігі өзінің дереккөзіне сілтеме жасап хабарлады.

Президенттің квазимемлекеттік сектордағы «бос жүрген» басшыларға қатысты айтқан өткір сынынан кейін, «Самұрық-Қазына» қорының басқару аппаратын оңтайландыру туралы ақпарат пайда болды.

Агенттік дереккөзі ұсынған презентацияға сәйкес, қор құрылымына мынадай өзгерістер енгізілуі ықтимал:

  • Астана қаласындағы әкімшілік-басқару персоналының санын кемінде 10%-ға қысқарту;

  • Елордадағы басшы қызметкерлердің санын кемінде 15%-ға азайту;

  • Қор тобының жалпы және әкімшілік шығындарын кемінде 10%-ға төмендету.

Естеріңізге сала кетейік, 10 ақпанда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық компаниялардағы артық штатты қатты сынаған болатын.

«Басшылық құрамы ел айтып жүргендей «Сол жағалаудың» адамдарына толып қалған. Олардың жұмысқа көміліп жатқан ештеңесі жоқ. Кейде не істерін білмей, әлеуметтік желілерде әркіммен пікір таластырып отырады. Бұл түбі жақсылыққа апармайды», – деді Мемлекет басшысы.

ҚазТАГ ақпараттың анық-қанығын білу үшін «Самұрық-Қазына» қорының баспасөз қызметіне хабарласқан. Қор өкілдері презентациядағы деректерді жоққа шығармады.

Соңғы жаңалықтар