$ 502.6 € 589.95 ₽ 6.5

ҚҚС көтерілген соң салық жоспары артығымен орындалды

Абдрахманов Мағжан
02 наурыз 2026, 11:02
ҚҚС көтерілген соң салық жоспары артығымен орындалды Сурет авторы: Егемен Қазақстан

2026 жылдың алғашқы екі айының қорытындысы бойынша республикалық бюджеттің кіріс бөлігі жоспардан асыра орындалып, тұрақты өсім көрсетті. Бұл жөнінде Мемлекеттік кірістер комитеті хабарлады.

Комитетттің дерегінше, 1 наурыздағы мәліметке сәйкес, салықтық түсімдер жоспары 113,7%-ға орындалып, қазынаға 2 979,0 млрд теңге құйылды. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 29,4%-ға жоғары, яғни бюджетке 677,5 млрд теңге артық түскен.

Мұндай оң динамика негізгі салық түрлері бойынша жиналымның артуы есебінен қамтамасыз етілді. Атап айтқанда, корпоративтік табыс салығы 116,9%-ға өсіп, қосымша 118,0 млрд теңге әкелсе, қосылған құн салығы (ҚҚС) бойынша өсім 138,8%-ға жетіп, түсім 428,6 млрд теңгеге көбейді. Айта кету керек, бұған дейін қаңтар айының деректеріне сүйеніп жасалған кейбір сараптамалық болжамдар бюджеттің нақты жағдайын толық көрсете алмаған еді. Бұл 2025 жылдың төртінші тоқсанындағы негізгі салық төлемдерінің мерзімі биылғы 25 ақпанға сәйкес келуімен түсіндіріледі.

Дәстүрлі түрде бюджет кірісінің қомақты бөлігі ақпан айының соңында қалыптасады. Мәселен, ҚҚС бойынша жоспарланған 1 281,0 млрд теңгенің орнына іс жүзінде 1 534,5 млрд теңге түсіп, жоспар 119,8%-ға орындалды.

"Осылайша, екі айдың қорытындысы бюджет кірісінің тұрақты өсіп жатқанын және қазіргі макроэкономикалық жағдайдың оң бағытта екенін нақты растап отыр", – делінген хабарламада.

Соңғы жаңалықтар