$ 474.63 € 544.5 ₽ 5.92

Қара теңізде «Теңізшевройл» мұнайын тиеп жатқан танкерге дрон шабуылы жасалды

Абдрахманов Мағжан
30 шілде 2026, 11:39
Қара теңізде «Теңізшевройл» мұнайын тиеп жатқан танкерге дрон шабуылы жасалды Сурет авторы: КҚК баспасөз қызметі

Қара теңіздегі Каспий құбыр консорциумының терминалында «Теңізшевройл» мұнайы тиеліп жатқан Nissos Sifnos танкеріне ұшқышсыз ұшу аппараты шабуыл жасады. Оқиғадан кейін терминалда мұнай тиеу тоқтатылды.

Шабуыл 30 шілдеде Қазақстан уақытымен сағат 03:48-де болған. Маршалл аралдарының туы астында жүзетін танкердің жүк палубасындағы мұнай қабылдау құрылғылары орналасқан бөлігіне дрон соғылып, өрт шыққан.

Өртті танкер экипажы КҚК-нің үш көмекші кемесінің қатысуымен сөндірді. Зардап шеккендер жоқ, мұнай теңізге төгілмеген. Экипаж мүшелерін көшіру немесе оларға медициналық көмек көрсету қажет болмады.

Танкер су бетінде қалқып тұр. Қазір кемеге келген зақым көлемі бағаланып жатыр. Мұнай тиеу тоқтатылғанымен, КҚК мұнай құбырының өзге нысандары қалыпты жұмыс істеп тұр.

Бұдан бөлек, теңіз терминалынан алты теңіз милі қашықтықта мұнай қабылдауға бет алған Marathi танкеріне де дрон шабуыл жасаған.

КҚК Қазақстан мұнайын сыртқы нарыққа шығарудағы негізгі бағыт саналады. Құбыр арқылы елдің мұнай экспортының 80 пайыздан астамы тасымалданады.

Соңғы жаңалықтар