$ 474.63 € 544.5 ₽ 5.92

КҚК маңындағы шабуылдардан кейін Қазақстан мен АҚШ энергетикалық қауіпсіздікті талқылады

Абдрахманов Мағжан
30 шілде 2026, 14:02
КҚК маңындағы шабуылдардан кейін Қазақстан мен АҚШ энергетикалық қауіпсіздікті талқылады Сурет авторы: Энергетика министрлігі

Қазақстанның Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Джули Стаффтпен өңірлік энергетикалық қауіпсіздік пен экспорттық инфрақұрылымның жұмысын талқылады. Бұл туралы Энергетика министрлігі хабарлады.

Кездесуде энергетика саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың негізгі бағыттары қаралды. Тараптар Қазақстан мен АҚШ арасындағы стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайтуға мүдделі екенін растады.

Министрлік мәліметінше, өңірлік энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, экспорттық инфрақұрылымның сенімді жұмысына және энергия қорларын әлемдік нарықтарға тұрақты жеткізуге ерекше назар аударылған. Кездесудің өзге егжей-тегжейі жарияланған жоқ.

Келіссөз Қара теңіздегі Каспий құбыр консорциумының теңіз терминалы маңында екі танкерге дрон шабуылдаған тұста өтті. Nissos Sifnos танкеріне «Теңізшевройл» мұнайы тиеліп жатқан кезде соққы жасалып, кемеде өрт шыққан. Оқиғадан кейін терминалда мұнай тиеу уақытша тоқтатылды.

КҚК Қазақстан мұнайын сыртқы нарықтарға шығарудың негізгі бағыттарының бірі саналады. АҚШ-тың Chevron және ExxonMobil компаниялары Қазақстандағы ірі мұнай жобаларына, соның ішінде «Теңізшевройл» мен Каспий құбыр консорциумына қатысады.

Соңғы жаңалықтар