$ 466.08 € 538.56 ₽ 5.65

Кімдер баспананы кезектен бұрын алады: Отбасы банк үш негізгі өлшемді атады

Абдрахманов Мағжан
11 тамыз 2026, 14:46
Кімдер баспананы кезектен бұрын алады: Отбасы банк үш негізгі өлшемді атады Сурет авторы: Pixabay

Қазақстанда тұрғын үй кезегін бөлу кезінде адамның кезекке тұрған жылы, басым санатқа жатуы және отбасының табысы ескеріледі. Бұл туралы Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында Отбасы банк төрағасы Ләззат Ибрагимова мәлімдеді.

Оның айтуынша, баспана бөлу кезінде адамның араласуын барынша болдырмау үшін арнайы ақпараттық жүйе құрылған. Жүйе алдымен азаматтың қай жылы кезекке тұрғанын ескереді. Мәселен, 2013 жылы кезекке тұрған адамның 2019 жылы тіркелген азаматқа қарағанда басымдығы болады.

Екінші өлшем – азаматтың басым санаттардың біріне жатуы. Заң бойынша мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған отбасылар, бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, сондай-ақ көпбалалы отбасыларға басымдық беріледі.

«Оларға заң бойынша кез келген тұрғын үй кешеніндегі баспананың 70 пайызы бөлінеді. Сондықтан әлеуметтік желілерде "көршім 2018 жылы кезекке тұрып, баспана алды, ал біз 2009 жылдан бері кезекте тұрмыз" деген сауалдар көп кездеседі. Басым санатқа кіретін азаматтар баспананы ертерек алады», – деді Ибрагимова.

Банк төрағасының сөзінше, кейбір өңірлерде басым санат бойынша 2023–2024 жылдары кезекке тұрған азаматтарға да баспана беріле бастаған.

Үшінші өлшем – отбасының табысы. Жүйе отбасының соңғы алты айдағы табысын есептеп, оны отбасы мүшелерінің санына бөледі. Ибрагимованың айтуынша, бұл талапқа да өзгеріс енгізілмек. Атап айтқанда, кәмелетке толған балаларды отбасы құрамынан шығарып есептеуге мүмкіндік беру көзделіп отыр.

«Егер отбасында кәмелетке толған балалар болса, оларды отбасы құрамынан алып тастауға мүмкіндік беріледі. Өйткені олар кейін жеке отбасын құруы мүмкін», – деді Отбасы банк төрағасы.

Соңғы жаңалықтар