$ 503.44 € 593.35 ₽ 6.55

Киберполиция Threads желісіндегі жаңа алаяқтық схемасы туралы ескертеді

Редакция
26 қаңтар 2026, 09:20
Киберполиция Threads желісіндегі жаңа алаяқтық схемасы туралы ескертеді Сурет авторы: businessinsider

ІІМ Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті қазақстандықтарды онлайн танысу кезінде барынша сақ болуға шақырды. Соңғы уақытта әлеуметтік желілерде, әсіресе Threads платформасында «қарым-қатынас іздеймін» деген желеумен жалған хабарландыру тарататын алаяқтар көбейген. Тәртіп сақшыларының айтуынша, жағымды интернет-таныстық соңында жәбірленушіні қаржылық шығынға ұшыратуы мүмкін.

Алаяқтық схемасы бірнеше кезеңнен тұрады: алдымен қаскөйлер тартымды кейіпте сөйлесіп, сенімге кіреді және эмоционалды байланыс орнатады. Кейінірек олар өзінің «қиын жағдайын», ауру-сырқауын немесе тиімді инвестициялық мүмкіндіктерді айтып, ақша сұрауға көшеді. Қаржы көбіне шетелдік криптоәмияндар немесе үшінші тұлғалар арқылы аударылады, ал ақша қолға тиген соң алаяқтар байланысты үзіп, қолданушыны бұғаттап тастайды.

Полицейлер егер танысыңыз бейнеқоңыраудан қашса, бөтен адамның суреттерін пайдаланса және тез арада ақша сұраса, сақ болуды ескертеді. Қазақстандықтарға жеке деректерді бермеу, күмәнді сілтемелерге өтпеу және бейтаныс адамдарға қаржы аудармау кеңес беріледі. Күмән туған жағдайда сөйлесуді бірден тоқтатқан абзал.

Соңғы жаңалықтар