$ 509.63 € 592.34 ₽ 6.54

Келесі жылдан бастап жеке куәлікті алу мен ауыстыру тегін болады

Абдрахманов Мағжан
22 желтоқсан 2025, 09:48
Келесі жылдан бастап жеке куәлікті алу мен ауыстыру тегін болады Сурет авторы: gov.kz

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстан азаматтары жеке куәлікті алғаш рет рәсімдегенде және оның қолдану мерзімі аяқталған соң ауыстырғанда мемлекеттік баж төлемейді. Бұл туралы Polisia.kz мәлімдеді.

Ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, құжаттандыру саласын цифрландыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп жатыр. Қазір паспортты электронды форматта рәсімдеу тек ел ішінде ғана емес, шетелде де мүмкін. Бұл қызмет 71 мемлекеттегі 99 шетелдік мекемеде қолжетімді. Соның нәтижесінде шетелде жүрген қазақстандықтар паспортты бұрынғыдай бірнеше ай емес, бір ай ішінде ала алады.

Министрлік бұл бағыттағы жұмыстар жалғасатынын және азаматтарға көрсетілетін қызметтерді барынша жеңілдету көзделіп отырғанын атап өтті.

Көші-қон қызметі комитетінің төрағасы Аслан Аталықовтың айтуынша, бірыңғай ақпараттық жүйе арқылы жеке сәйкестендіру нөмірін беру, азаматтарды тіркеу, төлқұжат пен жеке куәлік дайындау үдерістері жүзеге асырылады.

Оның мәліметінше, 2026 жылдан бастап жеке куәлікті алғаш рет алу да, мерзімі аяқталған соң ауыстыру да тегін жүргізіледі.

Ішкі істер министрлігі бұл бастама құжат алу тәртібін оңайлатып, азаматтардың қаржылық шығындарын азайтуға бағытталғанын жеткізді.

Соңғы жаңалықтар