$ 467.48 € 539.52 ₽ 5.73

«Қазақтелекомның» екі қызметкері жұмыс кезінде қаза тапты

Абдрахманов Мағжан
07 тамыз 2026, 11:49
«Қазақтелекомның» екі қызметкері жұмыс кезінде қаза тапты Сурет авторы: unsplash

Жамбыл және Қостанай облыстарында «Қазақтелекомның» екі қызметкері жұмыс кезінде қаза тапты. Компания екі оқиға бойынша да уәкілетті мемлекеттік органдардың қатысуымен тексеріс жүріп жатқанын хабарлады.

Алғашқы қайғылы жағдай 4 тамызда Жамбыл облысында болған. Тараз техникалық қызмет көрсету орталығының қызметкері арнайы техника қолданылған жұмыс кезінде ауыр жарақат алып, қаза тапқан.

Екінші оқиға 5 тамызда Қостанай облысының Әулиекөл ауданында тіркелді. Жергілікті желілік-техникалық цех қызметкері байланыс желісінің бағандарымен жұмыс істеген кезде өміріне қауіпті жарақат алған.

Қостанай облыстық полиция департаментінің мәліметінше, оқиға Москалевка ауылында болған. Қызметкердің қазасына байланысты қылмыстық іс тіркеліп, тергеу басталды.

«Қазақтелеком» екі жағдайдың да себептері мен мән-жайы анықталып жатқанын мәлімдеді. Компания қаза тапқан қызметкерлердің отбасыларына қажетті көмек көрсетілетінін хабарлады.

Сондай-ақ оқиғалардан кейін еңбек қауіпсіздігі талаптарын сақтау бойынша қосымша талдау жүргізіліп, бақылау шаралары күшейтілетіні айтылды.

Соңғы жаңалықтар