$ 472.34 € 541.25 ₽ 6.01

Қазақстаннан 71 мың литрден астам жанармайды заңсыз шығармақ болған

Абдрахманов Мағжан
16 шілде 2026, 10:48
Қазақстаннан 71 мың литрден астам жанармайды заңсыз шығармақ болған Сурет авторы: Pixabay

2026 жылдың басынан бері Мемлекеттік кірістер комитеті Қазақстан аумағынан жанар-жағармайды заңсыз әкетудің 1277 әрекетінің жолын кесті. Заң талаптарын бұза отырып, елден шығарылмақ болған жанармайдың жалпы көлемі 71 мың литрден асты. Бұл жөнінде комитеттің Курсив басылымына берген жауабынан белгілі болды.

Комитеттің мәліметінше, 2026 жылғы 21 мамыр мен 21 қараша аралығында Қазақстаннан автомобиль көлігімен бензинді, дизель отынын және мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін әкетуге уақытша тыйым салынған. Бұл шектеу Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерге де қолданылады.

Тек көліктің зауыттан орнатылған негізгі багындағы жанармайды алып өтуге рұқсат етіледі. Мұндай көлеммен мемлекеттік шекараны тәулігіне бір рет қана кесіп өтуге болады.

Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, заңбұзушылардың басым бөлігі жанармайды қосымша орнатылған бактар мен жанармай құйылған канистрлер арқылы шығаруға тырысқан.

«Жекелеген жағдайларда мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, мұнай өнімдерінің сынамалары алынып, сараптама жүргізіледі», – деп хабарлады комитет.

Ведомство бақылау шаралары тұрақты түрде жүргізілетінін атап өтті. Оның мақсаты – елдің экономикалық мүддесін қорғау және мемлекеттік шекара арқылы тауарлардың заңды қозғалысын қамтамасыз ету.

Энергетика министрлігі бұған дейін Қазақстанда бензин мен дизель отынының тапшылығы жоқ екенін мәлімдеген болатын. Ведомствоның дерегінше, жанар-жағармай қоры жеткілікті және ішкі нарықтағы жағдай тұрақты.

Соңғы жаңалықтар