$ 472.34 € 541.25 ₽ 6.01

Қазақстанға Қашаған бойынша 2,3 трлн теңге айыппұлды өндіріп алуға уақытша тыйым салынды

Абдрахманов Мағжан
16 шілде 2026, 13:10
Қазақстанға Қашаған бойынша 2,3 трлн теңге айыппұлды өндіріп алуға уақытша тыйым салынды Сурет авторы: ашық дереккөзден

Қашаған кен орнын игеруші North Caspian Operating Company (NCOC) консорциумының мәліметінше, халықаралық арбитраж Қазақстанға экологиялық заңнаманы бұзғаны үшін салынған 2,3 триллион теңге көлеміндегі айыппұлды арбитраж аяқталғанға дейін мәжбүрлеп өндіріп алуға тыйым салды. Бұл туралы Reuters агенттігі хабарлады.

«Арбитраждық сот іс толық қаралғанға дейін Қазақстан Республикасына айыппұлды өндіріп алу үшін қандай да бір мәжбүрлеу шараларын қолдануға тыйым салатын қаулы шығарды», – деп мәлімдеді NCOC.

Консорциум айыппұлмен және оның негізіне алынған айыптаулармен келіспейтінін, оларды барлық заңды жолмен даулауды жалғастыратынын мәлімдеді.

Бұған дейін Әділет вице-министрі Даниэль Ваисов Қазақстан сотының шешімі заңды күшіне енгенін айтқан болатын. Оның сөзінше, егер шетелдік компаниялар 20 шілдеге дейін айыппұлды төлемесе, мемлекет оны мәжбүрлеп өндіріп алу шараларын бастайды.

Сондай-ақ ол NCOC құрамындағы компаниялар мемлекеттік органдардың шешімдеріне келіспей, халықаралық арбитражға жүгінгенін мәлімдеді. Іс Вашингтонда қаралады, ал төрешілер құрамы шілде айының соңына қарай белгілі болады.

Айта кетейік, Қазақстан Үкіметі 2023 жылы Қашаған кен орнында күкірттің шамадан тыс көлемде сақталғаны үшін NCOC-ке 2,3 триллион теңге көлемінде айыппұл салған. Компания бұл шешімге бірнеше рет сот арқылы шағымданғанымен, биыл сәуірде Астана соты айыппұлды күшінде қалдырған еді. Кейін консорциум халықаралық арбитраж рәсімін бастады.

Соңғы жаңалықтар