$ 446.56 € 512.34 ₽ 5.3

Қазақстандықтарға террористік қауіп туралы SMS хабарламалар жіберіледі

Редакция
21 қыркүйек 2026, 17:37
Қазақстандықтарға террористік қауіп туралы SMS хабарламалар жіберіледі Сурет авторы: depositphotos

Қазақстанда азаматтарды террористік қауіптің жоғары деңгейі мен төтенше жағдайлар туындаған сәтте «112» құтқару қызметі арқылы жедел SMS жөнелту жүйесі енгізіледі. Тиісті бұйрық жобасын Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі әзірледі.

Әзірленген құжатқа сәйкес, «112» қызметіне халықты шұғыл құлақтандыру үшін отандық ұялы байланыс операторларының желілерін пайдалануға ресми түрде рұқсат берілмек. Мұндай хабарламалар әлеуметтік, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар орын алғанда немесе оларды жою кезінде, сондай-ақ төтенше жағдай режимі енгізілгенде, терроризм мен экстремизмнің алдын алу, елдің қорғанысы мен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында таратылады.

Нормативтік құжат аясында азаматтардың ұялы телефондарына жіберілетін ескерту SMS-терінің нақты тізбесі бекітілді. Олардың қатарына мынадай хабарландырулар кіреді:

  • Террористік қауіптің «сары», «сары-қызғылт» (оранжевый) және «қызыл» деңгейлерінің белгіленуі немесе олардың күшінің жойылуы туралы хабарламалар;

  • Антитеррористік операциялардың жүргізілуі және теміржол көлігіндегі террористік актілердің қаупі туралы ескертулер;

  • Әуе қаупі төнген жағдайда: «Назар аударыңыз! Әуе қаупі! Дереу паналайтын орынға (төлеулеу, паркинг, метро) тығылыңыздар. Терезелер мен есіктерден алыс тұрыңыздар» деген нұсқаулықтар мен оның күші жойылғаны туралы хабарландырулар.

Бұдан бөлек SMS жүйесі арқылы алдын алу және құқықтық түсіндіру жұмыстары да жүргізіледі. Атап айтқанда, діни араздықты қоздыруға бағытталған материалдарды дайындағаны, сақтағаны, әкелгені және таратқаны үшін Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (ӘҚБтК) 453-бабы бойынша, сондай-ақ діни қызмет туралы заңнаманы бұзғаны үшін ӘҚБтК-нің 490-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілік қарастырылғаны жөнінде ескертулер жіберіліп тұрады.

Жаңа хабарландыру жүйесі төтенше оқиғалар кезінде халықтың қауіпсіздігін арттыруға және азаматтарды шынайы, ресми ақпаратпен уақытылы қамтамасыз етуге бағытталған.

Соңғы жаңалықтар