$ 544.26 € 634.72 ₽ 6.52

Қазақстандықтарға бірнеше жерде жұмыс істеуге тыйым салынды ма? Министрлік түсініктеме берді

Абдрахманов Мағжан
19 қыркүйек 2025 12:18 385
Қазақстандықтарға бірнеше жерде жұмыс істеуге тыйым салынды ма? Министрлік түсініктеме берді Сурет авторы: shutterstock

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бірнеше жерде қатар жұмыс істеуге тыйым салынды деген ақпаратқа қатысты жауап берді.

Ведомствоның мәліметінше, қолданыстағы Еңбек кодексіне сәйкес, азаматтар бірнеше жерде, әртүрлі жұмыс берушілерде еңбек ете алады. Алайда заңда уақыт бойынша шектеу қойылған: негізгі жұмыста – күніне 8 сағаттан артық емес, қосымша жұмыста – 4 сағаттан артық емес. Барлығы 12 сағаттан аспауы тиіс.

Сонымен қатар қоса атқарушыларға негізгі және қосымша жұмысындағы еңбек демалысын бір уақытта алу міндеттеледі.

«Егер қосымша жұмыс бойынша жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысының ұзақтығы негізгі жұмыстан аз болса, жұмыс беруші қызметкердің өтініші бойынша айырмашылық күндеріне жалақы сақталмайтын демалыс береді», – деп түсіндірді министрлік.

Бұған қоса, мемлекеттік қызметшілерге және зиянды немесе қауіпті жағдайда еңбек ететіндерге қосымша жұмыс істеуге заң бойынша тыйым салынған.

Бұған дейін Мәжіліс кулуарында еңбек вице-министрі Олжас Анафин мемлекеттік қызметшілерге бірнеше жерде толық ставкалы жұмыс істеуге болмайтынын айтқан еді. Оның айтуынша, министрлік мемлекеттік қызметкерлердің қосымша жұмысы бар-жоғын тексере бастайды.

Соңғы жаңалықтар