$ 479.02 € 551.11 ₽ 5.82

Қазақстандықтар неден көз жұмады? Жүйке аурулары қатерлі ісіктен озып кетті

Абдрахманов Мағжан
17 наурыз 2026, 10:46
Қазақстандықтар неден көз жұмады? Жүйке аурулары қатерлі ісіктен озып кетті Сурет авторы: DPA

Қазақстанда жүйке жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітім көрсеткіші қатерлі ісіктен асқан. Ұлттық статистика бюросы 2025 жылғы демографиялық жағдай туралы есепті жариялады.

Статистикалық мәліметтерге сәйкес, елдегі өлім-жітім құрылымында қан айналымы жүйесінің аурулары (22,5%) бұрынғысынша көш бастап тұр. Алайда екінші орынға күтпеген жерден жүйке жүйесінің аурулары шықты. Өлім жағдайларының 17,8 пайызы осы дерттермен байланысты. Ал дәстүрлі түрде басты қауіп саналатын қатерлі ісік (жаңа түзілімдер) 10,4 пайыз көрсеткішпен үшінші орынға түскен.

Жалпы алғанда, 2025 жылы Қазақстан халқы табиғи өсім есебінен 200,3 мың адамға көбейді. Бұл көрсеткіш жыл ішіндегі 335 мың туылғандар мен 134,7 мың қайтыс болғандар санының айырмашылығынан қалыптасты. Дегенмен балалар өлімі мәселесі әлі де өзекті болып отыр: өткен жылы бес жасқа дейінгі 2 715 бала шетінеген.

Анықтама ретінде айта кетсек, жүйке жүйесі ауруларының өсуіне созылмалы стресс, психологиялық жүктеме және өмір салтының өзгеруі әсер етуі мүмкін. Статистикалық деректер денсаулық сақтау саласындағы алдын алу шараларын күшейту мен халықтың психоэмоционалдық жағдайына баса назар аудару қажеттігін көрсетеді.

Соңғы жаңалықтар