$ 457.99 € 534.15 ₽ 5.47

Қазақстандықтар көлік пен баспана алу үшін банктен орта есеппен қанша қарыз алады

Редакция
25 тамыз 2026, 16:32
Қазақстандықтар көлік пен баспана алу үшін банктен орта есеппен қанша қарыз алады Сурет авторы: freepik.com

Қазақстанда халықтың банктерден несие алуға деген сұранысы қарқынды артып келеді. Ұлттық банктің Қаржылық тұрақтылық және зерттеулер департаменті директорының міндетін атқарушы Динара Тазетдинованың хабарлауынша, 2026 жылдың II тоқсанының қорытындысы бойынша рознициялық несие өнімдерінің барлық түріне өтінімдер саны айтарлықтай көбейген.

Ипотекалық несиелендіру Баспана алуға ниет білдірушілер қатары артты. Ипотекаға түскен өтініштер саны өткен тоқсанмен салыстырғанда 19%-ға өсіп, банктерден сұралатын орташа несие сомасы 5%-ға ұлғайды. Қазіргі уақытта азаматтар баспана сатып алу үшін банктен орта есеппен 21,5 миллион теңге карыз алады. Сонымен қатар, бұл салада өтінімдерді мақұлдау көрсеткіші 10 пайыздық пунктке артып, 33%-ды құрады.

Автонесие нарығы Темір тұлпарға қол жеткізгісі келетіндердің де белсенділігі жоғары. Автонесиеге өтінім берушілер саны 20%-ға көбейгенімен, сұралатын орташа сома 3%-ға төмендеп, 7 миллион теңгені құрады. Банктердің бұл өтінімдерді мақұлдау деңгейі 3 пайыздық пунктке өсіп, 18%-ға жетті.

Тұтынушылық несиелер Тұрмыстық қажеттіліктерге арналған кепілсіз несиелер бойынша өтінімдер саны 15,9 миллион деңгейінде тұрақталып, өзгеріссіз қалды. Дегенмен, сұралатын сома 10%-ға өсіп, орташа есеппен 1,062 миллион теңгені құрады (мақұлдау деңгейі - 33%).

Ал кепілді тұтынушылық займдар секторында бір банктің белсенділігі төмендеуіне байланысты өтінімдер саны 18%-ға азайғанымен, орташа несие көлемі бірден 27%-ға өсіп, 17,7 миллион теңгеге жетті. Бұл санатта оң шешім шығару көрсеткіші 14 пайыздық пунктке артып, 31%-ды құрады.

Алдағы болжам 2026 жылдың III тоқсанында екінші деңгейлі банктер ипотека мен автонесиеге сұраныс әлі де арта береді деп күтуде. Ал кепілді несиелерге деген сұраныс қалыпты деңгейде сақталып, кепілсіз тұтынушылық займдарға деген қызығушылық сәл бәсеңдеуі мүмкін.

Соңғы жаңалықтар