$ 519.55 € 596.03 ₽ 6.63

Қазақстандықтар денсаулық сақтау қызметіне бұрынғыдан көбірек ақша жұмсай бастады

20 маусым 2025 11:48 12
Қазақстандықтар денсаулық сақтау қызметіне бұрынғыдан көбірек ақша жұмсай бастады Сурет авторы: gov.kz

2025 жылдың бірінші тоқсанында ел тұрғындарының денсаулық сақтау қызметіне жұмсаған шығындары бір жыл ішінде 28,3 пайызға өсіп, әр адамға шаққанда орта есеппен 4,6 мың теңгеге жетті. Бұл – 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда үш есе жоғары өсім және соңғы екі жылдағы рекордтық көрсеткіш. Мұндай мәліметті Ұлттық статистика бюросы халықты іріктеп зерттеу нәтижесінде жариялады.

Бағаның өсуін ескерсек, нақты өсім 14,9 пайызды құраған. Бұл есептеулерде денсаулық сақтау саласындағы қызметтер мен тауарларға арналған баға индексі негізге алынған.

Орташа есеппен жан басына шаққандағы шығындардың басым бөлігі стоматологиялық қызметтерге тиесілі – 2,4 мың теңге. Бұл көрсеткіш бір жылда 26 пайызға, ал нақты мәнде 11,8 пайызға артқан.

Ауруханалар мен санаторийлердегі қызметтерге жұмсалған шығындар ең жоғары өсімді көрсетті. Әр адамға шаққанда 946 теңге. Бұл өткен жылмен салыстырғанда номиналды түрде 54,1 пайызға, нақты есепте 39,8 пайызға өскен.

Дәрігерлердің қабылдауына және алғашқы медициналық көмектерге жұмсалған қаражат бір жылда 5,7 пайызға көбейсе де, нақты түрде 5,1 пайызға азайып, қазіргі таңда 559 теңге болды.

Медициналық зертханалар, рентген қызметтері, медбикелер мен акушерлердің көмегі сияқты парамедициналық қызметтерге жұмсалатын шығын – 568 теңге. Бұл бір жыл ішінде 27,6 пайызға өсті, нақты өсім – 11,2 пайыз.

Статистика бюросы ресми емес денсаулық сақтау шығындарын да есепке алған. Мысалы, науқасқа гүл, сыйлық сияқты дүниелерге орта есеппен 121 теңге жұмсалған. Бұл бір жыл ішінде 39,1 пайызға артқан.

Соңғы жаңалықтар