$ 446.56 € 512.34 ₽ 5.3

Қазақстандықтар АҚШ-қа қашан тікелей ұша алады

Редакция
21 қыркүйек 2026, 10:11
Қазақстандықтар АҚШ-қа қашан тікелей ұша алады Сурет авторы: depositphotos.com

Қазақстан Республикасы мен Америка Құрама Штаттары арасында тікелей әуе қатынасын ашу бағытындағы екі жылға созылған келіссөздер қорытынды кезеңіне өтті. Ағымдағы жылдың 21-25 қыркүйегі аралығында АҚШ-тың құзырлы органдары Қазақстанда ұшу қауіпсіздігін бағалау бойынша халықаралық аудит жүргізеді.

Америкалық инспекторлар еліміздегі авиациялық заңнаманың сақталуын, ұшқыштар құрамының кәсіби даярлық деңгейін және әуе кемелерінің техникалық жағдайын Азаматтық авиация халықаралық ұйымының (ИКАО) қатаң стандарттарына сәйкестігі тұрғысынан бағалайды. Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің мәліметінше, сарапшылар тобының құрамына халықаралық авиациялық құқық, персоналды лицензиялау, ұшуға жарамдылық пен ұшуды пайдалану саласындағы жоғары білікті мамандар енгізілген.

Тексеріс аясында 24 қыркүйекте шетелдік комиссия АҚШ Көлік министрлігінен коммерциялық ұшуларды жүзеге асыруға тиісті рұқсат алуға өтінім берген «Air Astana» отандық авиакомпаниясына арнайы техникалық сапармен барады. Аудит барысында әуе тасымалдаушысының ішкі өндірістік процестерінің ашықтығы мен қауіпсіздік талаптарына сәйкестігі жан-жақты зерделенеді.

Инспекция аяқталған соң америкалық тарап ресми брифинг өткізіп, жүргізілген тексерістің нәтижелері бойынша жазбаша есеп ұсынады. Аталған аудиттен сәтті өту екі ел арасындағы тікелей рейстерді ресми түрде ашуға жол ашады.

Соңғы жаңалықтар