$ 464.73 € 546.57 ₽ 6.19

Қазақстандық жүргізушілер жанармай бекеттерінен жаңа отын түрін байқай бастады

Редакция
22 сәуір 2026, 13:24
Қазақстандық жүргізушілер жанармай бекеттерінен жаңа отын түрін байқай бастады Сурет авторы: KazFoodProducts

Ол - биоэтанол қосылған БИ-95 бензині. Бұл өнім Ros Petrol желісінде сатылымға шықты.

БИ-95 — кәдімгі АИ-95 бензиніне 5–10% биоэтанол қосылған аралас отын. Ол Солтүстік Қазақстан облысындағы BioOperations кәсіпорнында бидайды терең өңдеу арқылы өндіріледі. Ал оны нарыққа BioPetrolCompany шығарып отыр.

Айта кетерлігі, отандық биоэтанол тек ішкі нарықпен шектелмейді. Ол Еуропалық Одақ елдеріне және Ұлыбритания нарығына экспортталады.

Жобаны KazFoodProducts холдингі жүзеге асырып отыр. Оның негізгі иесі — кәсіпкер Ерлан Баймұратов. Ол Forbes-тің Қазақстандағы байлар тізімінде 108 миллион доллар байлығымен 68-орында тұр. Кәсіпкердің активтері қатарында Баян Сұлу, АзияАгроФуд, EMC Agro, Bioline KZ және ТастөбеАгроФуд бар.

Жалпы, биоэтанол қосылған отын әлемде бұрыннан қолданылып келеді. Еуропалық Одақ 2000-жылдары жанармай өндірушілеріне бензин құрамына биоэтанол қосуды міндеттеген. Қазір E10 стандарты (10% биоэтанол) Еуропа елдерінің басым бөлігінде қалыпты тәжірибеге айналды. Кейбір елдер E20 және одан жоғары деңгейге көшіп жатыр.

Ал Бразилия бұл бағытта алда келеді. Елде бензиннің басым бөлігіне 18–27% этанол қосылады, әрі икемді отынмен жүретін көліктер кеңінен қолданылады.

Соңғы жаңалықтар