$ 518.97 € 607.3 ₽ 6.64

Қазақстандық спортшы Сауд Арабиясында ұсталды

Абдрахманов Мағжан
09 шілде 2025 11:35 31
Қазақстандық спортшы Сауд Арабиясында ұсталды Сурет авторы: t.me/Zanamiviehali

Қазақстандық пауэрлифтинг шебері Сергей Веселов Сауд Арабиясында ұсталды. Бұл хабарды ҚР Сыртқы істер министрлігі «За вами уже выехали» Telegram арнасына растаған.

«Сергей Веселовты Сауд Арабиясының құқық қорғау органдары ұстады. Қазір ол Медина қаласында. Әзірге ресми айып тағылған жоқ. Жағдай анықталып жатыр», – деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.

Сергейдің әкесінің айтуынша, ұлы 19 маусымда Астанадан Ыстанбұлға демалуға ұшып кеткен. Бір аптадай байланыста болған, кейін кенеттен хабарсыз кеткен. Әкесі іздеуді бастап, ұлының Сауд Арабиясында Медина қаласында екенін анықтаған.

«Қазіргі таңда тірі екенін білдік. Тергеуде отырған көрінеді. Бірақ қай бөлімшеде екенін және қандай баппен айыпталып жатқанын бізге айтпай отыр. Консул уақыт керек дейді. Оның айтуынша, ұлым Сауд Арабиясының Медина қаласында ұсталып отыр», – деді спортшының әкесі.

Айта кетейік, 19 жастағы Сергей Веселов – Шығыс Қазақстан облысының бірнеше дүркін чемпионы, пауэрлифтингтен Азия чемпионы және әлем чемпионатының жүлдегері.

Соңғы жаңалықтар