$ 454.46 € 527.72 ₽ 5.25

Қазақстандық компания АҚШ-тың Иранға қарсы санкциясына ілікті

Абдрахманов Мағжан
09 қыркүйек 2026, 14:19
Қазақстандық компания АҚШ-тың Иранға қарсы санкциясына ілікті Сурет авторы: Красная весна

АҚШ Қаржы министрлігі Қазақстанда тіркелген Tour Invest ЖШС-ін Иранның авиация саласына қатысты жаңа санкциялар тізіміне енгізді. Шешімді АҚШ Қаржы министрлігінің Шетелдік активтерді бақылау басқармасы (OFAC) 8 қыркүйекте жариялады.

АҚШ тарапының мәліметінше, Tour Invest Қазақстанда Иранның Mahan Air әуе компаниясының сату жөніндегі бас агенті болған. Мұндай агенттер әуе билеттерін сатумен, жолаушыларға қызмет көрсетумен және жүк тасымалдаушылармен жұмыс істеумен айналысады. OFAC Tour Invest компаниясы Mahan Air-ге материалдық, қаржылық немесе технологиялық қолдау көрсеткен немесе тауарлар мен қызметтер ұсынған деп мәлімдеді.

OFAC дерегінде компанияның Алматы қаласындағы Мақатаев көшесі, 128 мекенжайы мен қазақстандық бизнес сәйкестендіру нөмірі көрсетілген. Бұл мәліметтер Қазақстандағы ашық тізілімдердегі деректермен сәйкес келеді.

Tour Invest компаниясы Алматыда 2014 жылғы 18 наурызда тіркелген. Негізгі қызмет бағыты – туристік операторлардың қызметі. Ашық дерек бойынша компания бес адамға дейін жұмыс істейтін шағын кәсіпкерлік субъектісіне жатады.

Компанияның 2020-2024 жылдардағы салық аударымдары жөніндегі ашық деректерде нөлдік көрсеткіштер көрсетілген. Соған қарамастан компания жұмыс істеп тұрған заңды тұлға ретінде тіркелген және соңғы қолжетімді мәлімет бойынша салық берешегі бар кәсіпорындар қатарында болмаған.

АҚШ-тың жаңа санкциялар тізіміне Иранның авиация саласына қатысы бар ондаған компания мен ұйым енген. Вашингтон Иранның авиациялық инфрақұрылымы қару-жарақ, адамдар және өзге де жүктерді тасымалдауға пайдаланылатынын мәлімдейді. АҚШ билігі Mahan Air компаниясын Иранның Ислам революциясы сақшылар корпусымен байланыстырады. Mahan Air АҚШ санкциясында 2011 жылдан бері тұр.

Tour Invest санкция тізіміне енгізілгеннен кейін оның АҚШ аумағындағы немесе америкалық тұлғалардың бақылауындағы мүлкі мен мүліктік құқықтары бұғатталуға тиіс. Кейбір ерекше жағдайларды қоспағанда, АҚШ азаматтары мен компанияларына онымен мәміле жасауға тыйым салынады.

Соңғы жаңалықтар