$ 510.19 € 582.79 ₽ 6.46

Қазақстандық блогерлер 53,3 млрд теңге табысын жасырған – Мемлекеттік кірістер комитеті

Редакция
18 ақпан 2025 02:57 3170
Қазақстандық блогерлер 53,3 млрд теңге табысын жасырған – Мемлекеттік кірістер комитеті Сурет авторы: freepik

Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, Қазақстандағы блогерлер жалпы сомасы 53,3 млрд теңге болатын кірістерін жасырған.

14 ақпанда инфлюенсерлер өздеріне салық төлемегені туралы хабарламалар келе бастағанын мәлімдеді. Белгілі блогер Әлішер Елікбаев бірнеше мың автордың осындай ескерту алғанын айтты. Алайда комитет бұл ақпаратты жоққа шығарып, тек 594 адамға ғана тиісті хаттар жолданғанын мәлімдеді.

"Түрлі дереккөздерден алынған мәліметтер мен салықтық декларацияларда көрсетілген кірістерді салыстыру нәтижесінде 594 тұлға бойынша 53,3 млрд теңге көлемінде сәйкессіздік анықталды. Осыған байланысты 13-14 ақпан аралығында аталған тұлғаларға камералдық бақылау хабарламалары жіберілді", – делінген комитет хабарламасында.

Блогерлерге 30 жұмыс күні ішінде қосымша салық есептемелерін тапсырып, салық төлеу қажет. Егер олар бұл мәліметпен келіспесе, дәлелдер мен түсініктемелер ұсынуға құқылы.

Ведомство цифрлық контент авторлары онлайн-жарнама арқылы табыс тапқан жағдайда салық төлеуге міндетті екенін еске салды. Бұған жарнамалық контент орналастыру, ақпараттық өнімдер сату, онлайн-курстар өткізу, ұтыс ойындарын ұйымдастыру және басқа да қызмет түрлері кіреді.

Соңғы жаңалықтар