$ 489.99 € 580.25 ₽ 6.38

«Қазақстанды қорлаған»: Burger King-тегі даудан соң басшылар қызметінен қуылды

Абдрахманов Мағжан
17 ақпан 2026, 15:19
«Қазақстанды қорлаған»: Burger King-тегі даудан соң басшылар қызметінен қуылды Сурет авторы: unsplash

Burger King Kazakhstan мейрамханалар желісі аутизм диагнозы бар қызметкер Әлібек Қаратайдың жұмыстан кетуіне қатысты жағдай бойынша ішкі тексеріс нәтижесін жариялады. Компанияның мәлімдеуінше, басқарушылар Сергей мен Анастасия қызметінен босатылған.

Ресми ақпаратқа сәйкес, аталған тұлғалар енді компания құрамында жұмыс істемейді. Ішкі тексеріс Әлібектің анасы Жанат Қаратай ұлына қысым көрсетілгені және оның мәжбүрлі түрде жұмыстан шығарылғаны туралы арыз жасағаннан кейін басталған.

– Біз кез келген кемсітушілік пен құрметсіздікке қарсымыз. Қызметкердің отбасымен диалог орнатуға дайынбыз, – делінген компания хабарламасында.

Оқиға еңбек құқығы мәселесімен ғана шектелмеген. Әлеуметтік желілерде мейрамхананың басқа қызметкерлері де ұжым ішіндегі ахуалға қатысты пікір білдіре бастаған. Кейбір жазбада жұмыстан босатылған басшылардың жұмыс чаттарында Қазақстан мен қазақтарға қатысты қорлайтын сөздер мен мазмұн жариялағаны туралы ақпарат тараған.

Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен компанияның ішкі бақылау қызметі жағдайды зерделеп жатыр. Компания Әлібектің отбасымен байланыс орнатып, туындаған мәселелерді реттеуге ниетті екенін мәлімдеді.

Бұған дейін Еңбек министрлігі бұл істі ерекше бақылауға алғанын хабарлаған болатын.

Соңғы жаңалықтар