$ 450.62 € 504.2 ₽ 5.36

Қазақстанда жол салу жүйесі түбегейлі өзгермек

Абдрахманов Мағжан
14 қазан 2026, 10:36
Қазақстанда жол салу жүйесі түбегейлі өзгермек Сурет авторы: Көлік министрлігі

Қазақстанда автожол саласын түбегейлі реформалау бойынша ұсыныстар әзірленеді. Премьер-министр Олжас Бектеновтің өкімімен арнайы үкіметтік жұмыс тобы құрылды, деп хабарлады Үкімет.

Жұмыс тобы Мемлекет басшысының Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясында берген тапсырмасы аясында құрылған. Оған қазіргі жол құрылысы жүйесін және жол сапасын бағалау тәсілдерін қайта қарап, стандарттар мен құрылыс талаптарын жаңарту міндеті жүктелді.

Сондай-ақ автожол саласын басқарудың жаңа тетігі әзірленбек. Үкімет бұл ретте цифрлық шешімдерді енгізіп, жол инфрақұрылымының сапасын жақсартуды, мемлекеттік қаржының қалай жұмсалатынын бақылауды күшейтуді және саланың ашықтығын арттыруды көздеп отыр.

Премьер-министрдің бірінші орынбасары басқаратын жұмыс тобына бірнеше министрліктің, Бас көлік прокуратурасының, «ҚазМұнайГаз», «ҚазАвтоЖол», Жол активтері сапасының ұлттық орталығы және басқа да ұйымдардың өкілдері кірді. Жұмысқа сала мамандары мен Құрылтай депутаттары да қатысады.

Бектенов жұмыс тобына 1 желтоқсанға дейін автожол саласын түбегейлі реформалау жөніндегі ұсыныстарды әзірлеуді тапсырды. Ұсыныстардың ішінде заңнаманы өзгертуге қатысты шаралар да болуы тиіс.

Әзірге нақты қандай талаптар мен заң нормалары өзгеретіні жарияланған жоқ.

Соңғы жаңалықтар