$ 469.93 € 541.64 ₽ 5.71

Қазақстанда жол апатынан қаза тапқандар 17%-ға азайды

Редакция
10 тамыз 2026, 10:21
Қазақстанда жол апатынан қаза тапқандар 17%-ға азайды Сурет авторы: АО «НК «КазАвтоЖол»

2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында халықаралық және республикалық маңызы бар автожолдарда жол-көлік оқиғалары мен одан қаза тапқандар саны едәуір төмендеді. Бұл туралы «Дала Қырандары» қоғамдық бірлестігінің жарияланымдарына жауап ретінде «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы хабарлады.

Ресми мәліметке сәйкес, алты айда республикалық трассаларда 1 371 апат тіркеліп, 332 адам қаза тапты, ал 2 587 адам түрлі дене жарақатын алды. 2025 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда ЖКО саны 9%-ға (1 507-ден 1 371-ге дейін), қаза тапқандар көрсеткіші 17%-ға (401-ден 332-ге дейін), ал зардап шеккендер қатары 9%-ға (2 840-тан 2 587-ге дейін) азайған.

Ұлттық оператор қауіпсіздік деңгейін бағалау кезінде тек компанияның жауапкершілік аймағындағы жолдардың статистикасын есепке алу қажеттігін атап өтті. Бұған дейін БАҚ өкілдері мен әлеуметтік желілерде таралған 807 адамның қаза тапқаны туралы дерек елдегі барлық жолдарды, соның ішінде қала көшелері мен жергілікті маңызы бар жолдарды камтиды. Сондықтан бұл көрсеткішті тікелей «ҚазАвтоЖол» қызметімен байланыстыру негізсіз деп танылды.

Компания өкілдері әрбір оқиғаның себебі жолдың жай-үйі, ауа райы, көліктің техникалық күйі және жүргізушінің әрекеті сияқты факторлармен кешенді түрде анықталуы тиіс екенін жеткізді. ІІМ деректері бойынша елдегі апаттардың 90%-ы жылдамдықты асыру, қарсы бетке шығып кету және маневр жасау ережелерін бұзу сияқты жүргізушілердің кінәсінен орын алады.

Соңғы жаңалықтар