$ 509.63 € 592.34 ₽ 6.54

Қазақстанда жерлеу және зираттарды күтіп ұстаудың жаңа ережелері бекітілді

Редакция
14 қаңтар 2026, 14:33
Қазақстанда жерлеу және зираттарды күтіп ұстаудың жаңа ережелері бекітілді Сурет авторы: Ernur.kz

Қазақстанда жерлеу және зираттарды күтіп ұстаудың жаңартылған үлгілік ережелері күшіне енді, деп хабарлайды kazinform.

Жаңа құжатқа сәйкес, еліміздің әрбір қайтыс болған тұрғынына немесе белгілі бір тұрғылықты жері жоқ адамдарға жерлеу үшін кемінде 6 шаршы метр жер телімі мемлекет тарапынан тегін беріледі. Жергілікті әкімдіктер енді бос және иеленген жер телімдері туралы ақпаратты ашық түрде ресми интернет-ресурстарда және жария кадастрлық картада жариялауға міндетті. Жерлеу рәсімі тек қайтыс болу туралы куәлік немесе eGov порталынан алынған хабарлама негізінде ғана жүзеге асырылады.

Сонымен қатар ережеде алғаш рет кремациялау мен колумбарийлерге (күл сақтайтын орын) қатысты талаптар нақтыланды. Күлді колумбарийлерге де, қарапайым зираттарға да жерлеуге рұқсат етіледі, бірақ ол үшін кремация туралы анықтама болуы шарт. Ал мәйітті қазып алып, қайта жерлеуге (эксгумация) жалпы алғанда тыйым салынады. Бұл тек зират жойылғанда, мәйітті басқа жаққа тасымалдағанда немесе белгісіз қорымдар табылған жағдайда ғана қатаң санитарлық нормаларды сақтай отырып рұқсат етіледі. Иесіз қалған мәйіттерді жерлеу шығындарын мемлекет өз мойнына алады, ал зираттардың жалпы тазалығы мен тәртібін жергілікті атқарушы органдар бақылайды.

 

Соңғы жаңалықтар