$ 465.08 € 536.52 ₽ 5.56

Қазақстанда Telegram неге істемей қалды: министрлік себебін анықтап жатыр

Наурызбек Лесов
13 тамыз 2026, 14:39
Қазақстанда Telegram неге істемей қалды: министрлік себебін анықтап жатыр Сурет авторы: Matthias Balk / DPA

Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі Қазақстандағы Telegram жұмысының бұзылу себебін анықтап жатыр. «Қазақтелеком» өз желісінде апат немесе техникалық ақау тіркелмегенін мәлімдеді.

Министрліктің хабарлауынша, қазір техникалық мамандар жағдайдың мән-жайын анықтап жатыр. Ал «Қазақтелеком» жүргізген бақылау Франкфурт пен Мәскеудегі негізгі халықаралық желіаралық трафик алмасу нүктелерінде Telegram бағытындағы дерек ағынының күрт төмендегенін көрсеткен.

«Компанияның жауапкершілік аймағында апат, техникалық ақау немесе инфрақұрылым жұмысындағы ішкі бұзылу тіркелген жоқ. Оператор желісі қалыпты жұмыс істеп тұр. Жағдайдың себебін анықтау үшін компания Telegram-ның әкімшілік-техникалық тобына ресми сауал жолдады», – делінген хабарламада.

Желіаралық трафик алмасу – әртүрлі интернет жеткізушілерінің желілері арасында деректерді тікелей алмасу тәсілі.

13 тамыз күні таңертең Қазақстандағы Telegram қолданушылары қосымшаның жұмысындағы ақауларға шағымдана бастады. Олар хабарлама жіберу және медиафайлдарды жүктеу кезінде қиындыққа тап болған.

Шағымдардың басым бөлігі Астана қаласы, Қарағанды, Павлодар және Қостанай облыстарынан түскен.

Соңғы жаңалықтар