$ 480.72 € 548.07 ₽ 6.14

Қазақстанда пластикалық хирургия клиникалары жаппай тексеріледі

Абдрахманов Мағжан
30 маусым 2026, 11:08
Қазақстанда пластикалық хирургия клиникалары жаппай тексеріледі Сурет авторы: Kazinform/ ЖИ

Денсаулық сақтау министрлігі пластикалық хирургия қызметін көрсететін клиникаларда ауқымды жоспардан тыс тексерістер жүргізілетінін мәлімдеді. Ведомствоның хабарлауынша, заң бұзушылық анықталған жағдайда клиника иелері қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылады.

Министрлік мәліметінше, 2021 жылдан бері Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің аумақтық департаменттері 92 жоспардан тыс тексеру жүргізген. Оның ішінде ең көп тексеру 2024 жылы пластикалық операциялардың сапасы мен қауіпсіздігіне қатысты шағымдардың көбеюіне байланысты өткізілген.

Тексеру барысында лицензиялық талаптардың сақталмауы, медициналық көмек көрсету стандарттарының бұзылуы, медициналық құжаттарды дұрыс рәсімдемеу және кейбір клиникалардың қажетті рұқсат құжаттарынсыз жұмыс істеуі анықталған.

Нәтижесінде клиникаларға нұсқамалар беріліп, 24 әкімшілік хаттама толтырылған. Жалпы сомасы 4,8 млн теңгеге жуық айыппұл салынған.

Министрлік бақылауды күшейтуге соңғы жылдары болған бірнеше резонансты оқиға себеп болғанын атап өтті. Олардың қатарында Алматыдағы жекеменшік клиникада жасалған операциядан кейін блогердің қайтыс болуы және Ақтаудағы «Қасиет» клиникасында иекке липосакция жасатқаннан кейін Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты Ербол Айтуовтың көз жұмуы бар.

Соңғы жаңалықтар