$ 466.08 € 538.56 ₽ 5.65

Қазақстанда медициналық қызметтерді ҚҚС-тан толық босату ұсынылды

Абдрахманов Мағжан
11 тамыз 2026, 10:33
Қазақстанда медициналық қызметтерді ҚҚС-тан толық босату ұсынылды Сурет авторы: pharmreviews.kz

Қазақстанда барлық медициналық қызметті қосылған құн салығынан (ҚҚС) толық босатып, дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдарға бірыңғай 5 пайыздық мөлшерлеме белгілеу ұсынылды. Мұндай ұсынысты жаңа Салық кодексін енгізу жөніндегі жобалық кеңсе отырысында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Қанат Шарлапаев айтты.

Қазір тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясындағы дәрі-дәрмек пен медициналық қызметтер ҚҚС-тан босатылған. Бұл тізімге 3 мыңнан астам атау кіреді. Сондай-ақ сирек кездесетін және әлеуметтік маңызы бар ауруларды емдеу, анықтау және оңалту қызметтерінен ҚҚС алынбайды.

Қалған дәрі-дәрмектерді көтерме және бөлшек саудада сатуға төмендетілген салық мөлшерлемесі қолданылады. 2026 жылғы қаңтардан бастап ол 5 пайыз болып белгіленген, ал 2027 жылғы 1 қаңтардан 10 пайызға дейін өсуге тиіс. «Атамекен» әртүрлі мөлшерлемелер салықтық әкімшілендіруді қиындататынын алға тартып, барлық дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымға бірыңғай 5 пайыздық ҚҚС енгізуді ұсынды.

Үкіметтің баспасөз қызметінің мәліметінше, денсаулық сақтау саласындағы ҚҚС мөлшерлемелерін өзгерту мәселесі бюджетке, салаға, сондай-ақ халық үшін медициналық көмек пен дәрі-дәрмектің қолжетімділігіне ықпалы ескеріле отырып, жан-жақты зерделенуге тиіс.

Отырысқа қатысушылар ұсынылған өзгерістердің денсаулық сақтау саласы мен бюджетке ықпалын егжей-тегжейлі зерттегеннен кейін бұл мәселені қайта қарауға келісті.

Соңғы жаңалықтар