$ 509.94 € 593.88 ₽ 6.43

Қазақстанда медицина қызметкерлерінің жалақысы өсті: Кімдердің табысы артты?

Редакция
09 қаңтар 2026, 12:25
Қазақстанда медицина қызметкерлерінің жалақысы өсті: Кімдердің табысы артты? Сурет авторы: Атырау газеті

Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап жедел жәрдем және инфекциялық қызмет саласындағы мамандардың еңбекақысына маңызды өзгерістер енгізілгенін хабарлады. Жаңа ережеге сәйкес, бұл сала қызметкерлеріне ерекше еңбек жағдайлары үшін базалық лауазымдық жалақыдан (БЛЖ) есептелетін арнайы үстемеақылар қосылады, деп хабарлады Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі.

Атап айтқанда, жедел жәрдем қызметіндегі дәрігерлер мен санитарлар 200% (35 394 теңге), жүргізушілер 300% (53 091 теңге), ал фельдшерлер мен медбикелер ең жоғары – 400% (70 788 теңге) мөлшерінде қосымша төлем алады. Нәтижесінде 5-7 жылдық еңбек өтілі бар мамандардың орташа табысы едәуір артады: дәрігерлердің жалақысы 389 мың теңгеге (10%-ға өсім), фельдшерлердікі 276 мың теңгеге (34%-ға өсім), жүргізушілердікі 230 мың теңгеге (30%-ға өсім), ал санитарлардыкі 171 мың теңгеге (25%-ға өсім) дейін көтерілді.

Сонымен қатар инфекциялық қызмет мамандарына да қомақты қолдау көрсетілмек. Ең үлкен үстемеақы балалар инфекционист-дәрігерлеріне тиесілі – БЛЖ-ның 540%-ы (95 564 теңге). Ересектер дәрігеріне 450% (79 637 теңге), ал медбикелер мен санитарларға 350% (61 940 теңге) көлемінде төлем тағайындалды.

Айта кетерлігі, аталған сомалардың барлығы міндетті салықтар мен аударымдар ұсталғанға дейінгі мөлшерде көрсетілген.

Соңғы жаңалықтар