$ 469.83 € 536.83 ₽ 5.97

Қазақстанда Құрылтайдағы әйелдердің рөлін күшейту мәселесі көтерілді

Редакция
17 шілде 2026, 12:10
Қазақстанда Құрылтайдағы әйелдердің рөлін күшейту мәселесі көтерілді Сурет авторы: marieclaire.ru

Алматыда Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының (ҚСЗИ) ұйымдастыруымен «Құрылтай - заң шығару билігінің жаңа архитектурасының негізі» атты сараптамалық алаң өтті. Басқосудың басты тақырыбы - алдағы Құрылтай сайлауы қарсаңында еліміздің саяси жүйесін сапалы жаңғырту мәселелері болды.

Жиын барысында Women in Tech Kazakhstan қауымдастығының басшысы Әсем Болатжан гендерлік саясатқа қатысты маңызды мәселелерді алға тартты. Ол саяси партияларды әйелдерге қатысты квоталарды тек «қағаз жүзінде» емес, нақты саяси ықпал тұрғысынан қарастыруға шақырды.

Спикердің айтуынша, 2026 жылғы конституциялық реформа аясында құрылып жатқан Құрылтай мемлекеттік маңызды шешімдерді қабылдауда гендерлік теңгерімді талап етеді.

Әйелдердің үлесін жалпы көрсеткішпен ғана емес, олардың заң шығару органының басшылығында, комитет төрағалары мен олардың орынбасарлары, сондай-ақ фракция жетекшілері ретіндегі рөлімен бағалау қажет.

Ағымдағы сайлау науқанында партиялар тек тізім жасаумен шектелмей, өз кадрлары мен бағдарламаларының сапасымен бәсекеге түсуі тиіс.

Әсем Болатжан партияларға әйелдерді маслихаттарда, қоғамдық кеңестерде және эксперттік құрылымдарда басшылық қызметтерге ертерек тартуды ұсынды. Бұл тек сайлау алдындағы формалды қадам емес, әйел көшбасшыларды тәрбиелеудің жүйелі жолы болмақ.

«Партиялар әйелдерге кәсіби өсу мен аймақтық ұйымдарды басқаруда тең мүмкіндіктер жасауы қажет. Тек осындай тәсіл ғана әйелдердің Құрылтайдағы жетекші орындар үшін бәсекеге түсуіне мүмкіндік береді», - деп атап өтті сарапшы.

Қазақстанда Құрылтай депутаттарын сайлау 2026 жылдың 23 тамызына жоспарланған. Биылғы сайлаудың басты ерекшелігі - партиялық тізімдерге қатысты инклюзивтіліктің қатаң талаптары. Атап айтқанда, әрбір партиялық тізімде әйелдер, мүгедектігі бар адамдар және жастардың үлесі кемінде 30% болуы шарт.

Соңғы жаңалықтар