$ 457.99 € 534.15 ₽ 5.47

Қазақстанда көлік сақтандыру құны жүргізушінің тәртібіне қарай есептелмек

Абдрахманов Мағжан
24 тамыз 2026, 18:00
Қазақстанда көлік сақтандыру құны жүргізушінің тәртібіне қарай есептелмек Сурет авторы: inbusiness.kz/ ЖИ

Қазақстанда міндетті автосақтандыру жүйесін өзгерту ұсынылды. Жаңа тәртіп бойынша сақтандыру құнын есептегенде жүргізушінің жолдағы тәртібі, жол апатына түсу тарихы, жасы мен көлік жүргізу өтілі ескерілуі мүмкін.

Өзгерістер Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі нарық өкілдері және сарапшылармен бірлесіп әзірлеген Сақтандыру нарығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасының жобасына енгізілген.

Реформаның негізгі мақсаты – сақтандыру құнын жүргізушінің нақты тәуекеліне қарай белгілеу, сақтандыру төлемдерін ашық ету және жол апатынан кейін келтірілген залалды өтеу тәртібін жеңілдету.

Сақтандыру құны қалай есептеледі?

Жоба бойынша сақтандыру компаниялары жүргізушілерді бағалайтын өз жүйесін қолдана алады. Ол үшін Бірыңғай сақтандыру дерекқоры мен мемлекеттік дерекқорлардағы мәліметтер пайдаланылады.

Сақтандыру құнын есептегенде:

  • жүргізушінің бұрынғы сақтандыру шығындары;
  • көлік жүргізу мәнері;
  • жол ережесін бұзу деректері;
  • жүргізушінің жасы мен көлік жүргізу өтілі;
  • көліктің жүріп өткен жолы;
  • көлікті пайдалану тәртібі;
  • көлік пайдаланылатын өңір ескеріледі.

Нәтижесінде жол ережесін сақтап, апатқа сирек түсетін жүргізушілерге тиімді шарттар ұсынылуы мүмкін. Ал жол апатына жиі түсетін жүргізушілер үшін сақтандыру құны жоғары болады.

Бағалау жүйелері алдын ала сынақтан өткізіліп, тұрақты тексеріліп отыруға тиіс. Сақтандыру компаниялары клиентке полис бағасына қандай негізгі факторлар әсер еткенін түсіндіруге міндетті болады. Жүргізуші өзіне берілген тәуекел бағасына келіспесе, оны қайта қарауды талап ете алады.

Алғашқы кезеңде баға қаншаға өзгеруі мүмкін?

Жаңа жүйеге бірден көшпейді. Алғашқы кезеңде жүргізушіні жеке бағалаудың полис құнына әсері қазіргі тарифтен 20 пайыздан артық төмен немесе жоғары болмауға тиіс.

Бұл жаңа бағалау үлгілерін сынап, жеткілікті статистика жинауға мүмкіндік береді.

Кейін олардың әділ әрі дұрыс жұмыс істейтіні расталса, бірыңғай тариф дәлізін енгізу жоспарланған. Сол дәліз шегінде сақтандыру компаниялары полис құнын өздері белгілей алады.

Тариф дәлізін тәуелсіз актуарлық бағалау негізінде реттеуші белгілейді және нарықтағы жағдайға қарай тұрақты түрде қайта қарап отырады.

Неліктен автосақтандыру жүйесі өзгертілмек?

2021–2025 жылдары міндетті автосақтандыру бойынша жиналған сақтандыру сыйлықақысының көлемі 44 пайызға, яғни 82 млрд теңгеден 118 млрд теңгеге дейін өскен.

Осы аралықта сақтандыру төлемдері 179 пайызға – 38 млрд теңгеден 106 млрд теңгеге дейін көбейді. Шығындылық көрсеткіші 51 пайыздан 106,8 пайызға жеткен.

Бұған елдегі жол апаттарының көбеюі де әсер еткен. 2024–2025 жылдары жол-көлік оқиғаларының саны 51 пайыз өсіп, 19 142 жағдайға жеткен. Ал 2021–2025 жылдары техникалық қызмет көрсету және қосалқы бөлшектер құны 65 пайыз қымбаттаған.

Жол апатынан кейінгі шығын қалай есептеледі?

Өзгерістер сақтандыру төлемдерін есептеу тәртібіне де қатысты.

Қосалқы бөлшектердің, жөндеуге қажетті материалдар мен атқарылатын жұмыстың құны көрсетілген бірыңғай салалық анықтамалық жасау жоспарланып отыр.

Бірыңғай ақпараттық қор көлікке келген залалды есептеудегі айырмашылықты азайтып, сақтандыру төлемінің мөлшерін көлік иесі үшін түсініктірек етуге тиіс.

Анықтамалықты сақтандыру саласындағы өзін-өзі реттейтін ұйым, сақтандыру омбудсманы, Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры немесе Бірыңғай сақтандыру дерекқорының бірі жүргізуі мүмкін. Нақты оператор ұйымның тәуелсіздігі, кәсіби және техникалық мүмкіндігі ескеріліп таңдалады.

Соңғы жаңалықтар