$ 467.65 € 533.26 ₽ 5.96

Қазақстанда қолдан жаңбыр жауғызудың салдары зерттеліп жатқан жоқ

Редакция
23 шілде 2026, 15:38
Қазақстанда қолдан жаңбыр жауғызудың салдары зерттеліп жатқан жоқ Сурет авторы: astanatv.kz

Түркістан облысында қолдан жаңбыр жауғызу бойынша пилоттық жоба жүзеге асырылды. Дегенмен бұл технологияның ұзақ мерзімді салдары мен әсері әлі де аз зерттелген. Бұл туралы ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен «Қазгидромет» РМК өкілдері мәлімдеді.

Экология министрлігінің хабарлауынша, әлемдік ғылымда жауын-шашынды қолдан шақыру әдісіне қатысты әлі күнге дейін ортақ пікір қалыптаспаған. Солай болса да, қолданыстағы зерттеулер бұлттарды себу кезіндегі реагенттердің концентрациясы өте төмен екенін және табиғи жауын-шашын құрамынан дерлік ерекшеленбейтінін көрсетеді.

«Сонымен қатар ұзақ мерзімді әсерлердің жеткілікті түрде зерттелмегенін ескере отырып, халықаралық ғылыми қауымдастық деректерді жинау мен талдауды әлі де жалғастыруда», - деп атап өтті ведомстводан.

«Қазгидромет» мәліметінше, жасанды жаңбыр жауғызу бойынша пилоттық жоба 2026 жылдың 26 мамыры мен 4 шілдесі аралығында жүргізілген. Осы аралықта әуеге 14 рет ұшу орындалып, 11 жағдайда бұлттарға тұзды реагенттер себілген.

Жоба келесі аумақтарда жүзеге асырылды:

  • Созақ ауданы;

  • Отырар ауданы;

  • Келес ауданы;

  • Ордабасы ауданы;

  • Шардара ауданы;

  • Түркістан қаласы.

Сонымен бірге синоптиктер Түркістан облысының аграршылары тарапынан түскен шағымдарға қатысты пікір білдірді. Шарбақшылар мен диқандар бақша дақылдары өнімінің құруын қолдан жаудырылған жауын-шашынмен байланыстырған еді.

Мамандардың айтуынша, өнімнің шығынға ұшырауына қолдан жасалған әсер емес, осы кезеңде аймақта белсенді өткен табиғи нөсер жаңбырлар себеп болуы әбден мүмкін.

Соңғы жаңалықтар