$ 455.4 € 526.99 ₽ 5.25

Қазақстанда инста-психологтар дәуірі аяқталды: бүгіннен бастап жаңа заң күшіне енді

Редакция
02 қыркүйек 2026, 09:35
Қазақстанда инста-психологтар дәуірі аяқталды: бүгіннен бастап жаңа заң күшіне енді Сурет авторы: dubrovskiy.by

2 қыркүйекте Қазақстанда «Психологиялық қызмет туралы» жаңа заң ресми түрде күшіне енді. Енді елде тиісті тіркеуден өтпеген, дипломы жоқ тұлғаларға психологиялық көмек көрсетуге де, өзін «психолог» деп атауға да қатаң тыйым салынады.

Маман ретінде тек психология саласы бойынша жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар, сондай-ақ ғылыми дәрежеге ие азаматтар ғана жұмыс істей алады. Сондай-ақ елімізде Ұлттық біліктілік жүйесінің цифрлық платформасында Психологтардың міндетті мемлекеттік тізілімі іске қосылды. Мемлекеттік тізімге енбей қызмет көрсету заңсыз деп танылады.

Жаңа заң бойынша психологтар өз біліктілігін кемінде бес жылда бір рет арттыруға міндеттелді. Сонымен қатар қызмет көрсету алдында клиенттен (немесе оның заңды өкілінен) жазбаша ақпараттандырылған келісім алу шарты енгізілді. Тек суицидтік мінез-құлық белгілері, дағдарыстық жағдайлар немесе отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері анықталғанда мұндай келісім талап етілмейді. Мұндай оқиға кезінде маман мемлекеттік органдарға дереу хабарлауға міндетті.

Айта кету керек, психологтарды міндетті сертификаттау нормасы 2028 жылға дейін шегерілген. Осылайша, елімізде алғаш рет психологиялық қызмет нарығы толықтай мемлекет бақылауына алынып, тұтынушыларды біліксіз мамандар мен алаяқтардан қорғау тетігі қалыптасты.

Соңғы жаңалықтар