$ 461.26 € 542.58 ₽ 6.18

Қазақстанда хантавирус таралу қаупі бар ма?

Абдрахманов Мағжан
08 мамыр 2026, 17:57
Қазақстанда хантавирус таралу қаупі бар ма? Сурет авторы: REUTERS / Dado Ruvic

Қазақстанда хантавирус жұқпасының таралу қаупі төмен, алайда сырттан әкеліну ықтималдығы сақталады. Бұл туралы Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығы хабарлады.

Мамандардың мәліметінше, қазіргі таңда Andes orthohantavirus (ANDV) штамына ерекше назар аударылған. Ол адамнан адамға жақын әрі ұзақ байланыс кезінде жұға алатындықтан эпидемиологиялық тұрғыдан маңызды саналады. Дегенмен бұл вирус Қазақстан аумағында тіркелмеген.

Орталықта хантавирус инфекциялары тұрақты бақылауда екенін атап өтті. Елде санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау жүйесі жұмыс істейді, жұқпалы қауіптерге мониторинг жүргізіліп, зертханалар ықтимал жағдайларды анықтауға дайын.

Сонымен қатар халықаралық қатынастардың белсенділігіне байланысты вирустың сырттан әкеліну қаупі бар. Осыған байланысты азаматтарға шетелге шығар алдында эпидемиологиялық ахуалды бағалау ұсынылады. Ол үшін Saqbol қосымшасындағы тәуекел картасын пайдалануға болады.

Мамандар алдын алу шараларын да еске салды. Атап айтқанда, жабайы кеміргіштермен байланыстан аулақ болу, олардың бөлінділеріне қорғаныссыз тимеу, жабық орындарды желдету, жеке гигиенаны сақтау, қауіпсіз су ішу және азық-түлікті дұрыс сақтау қажет.

Ведомство қазіргі жағдай бақылауда екенін және халық алаңдамауы тиіс екенін мәлімдеді.

Айта кетейік, мамыр айының басында MV Hondius бортында хантавирус індеті тіркеліп, үш адам қайтыс болған еді.

 

Соңғы жаңалықтар