$ 454.46 € 527.72 ₽ 5.25

Елімізде баспана сатып алу мен сатуды рәсімдеу тәртібі өзгерді

Абдрахманов Мағжан
09 қыркүйек 2026, 09:53
Елімізде баспана сатып алу мен сатуды рәсімдеу тәртібі өзгерді Сурет авторы: elements.envato.com

Қазақстанда 8 қыркүйектен бастап жылжымайтын мүлікке қатысты мәмілелерді нотариалды куәландырудың жаңа тәртібі күшіне енді. Енді мемлекеттік тіркеуге жататын мүлікті сату, сыйға тарту немесе кепілге беру туралы шарттар жылжымайтын мүлік орналасқан аумақтағы нотариуста рәсімделуі тиіс.

Жаңа талап «Нотариат туралы» заңның 54-бабында бекітілген. Тиісті өзгерістер 2026 жылғы 8 шілдеде қабылданып, заң ресми жарияланғаннан кейін 60 күн өткен соң күшіне енді.

Бұл талап нотариустың қызмет көрсету аумағына да қатысты. Заң бойынша нотариаттық округ бір облыстың, республикалық маңызы бар қаланың немесе Астананың аумағын қамтиды. Демек, мәмілені рәсімдегенде жылжымайтын мүліктің қай аумақта орналасқаны ескеріледі.

Сонымен қатар заңның 21-бабына да өзгеріс енгізілген. Онда нотариустың аумақтық қызмет шекарасы сақталуға тиіс нотариаттық әрекеттер қатарына жылжымайтын мүлікті иеліктен шығару және кепілге беру жөніндегі шарттар да қосылды.

Мысалы, Алматыда орналасқан пәтерді сату немесе кепілге қою жөніндегі шартты басқа облыстағы нотариус арқылы рәсімдеу мүмкін болмайды. Мәміле жылжымайтын мүлік орналасқан нотариаттық округте куәландырылуы керек.

Соңғы жаңалықтар