$ 469.59 € 536.22 ₽ 5.96

Қазақстанда автолизинг бағдарламасы жақында іске қосылады

Абдрахманов Мағжан
21 шілде 2026, 16:04
Қазақстанда автолизинг бағдарламасы жақында іске қосылады Сурет авторы: shutterstock

Қазақстанда жеке тұлғаларға арналған автолизинг бағдарламасын толық іске қосу жоспарланып отыр. Бағдарламаға қатысты өзгерістер мемлекеттік органдармен келісудің соңғы кезеңінде тұр, деп мәлімдеді Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев.

Бағдарлама жыл басынан бері сынақ тәртібінде қолданылған. Осы кезеңде автокөлік беру саны бір-екі жағдаймен шектелген. Министрліктің түсіндіруінше, сынақ барысында айыппұлдарды кім төлейтіні, лизингтік компанияларға қойылатын талаптар және азаматтардың құқығын қорғау тетіктері секілді мәселелер анықталған.

Қазір осы ескертулерді ескеретін заңға тәуелді құжат әзірленіп жатыр. Ол қабылданғаннан кейін лизингтік компаниялар бағдарламаны іске қосуға дайын екенін мәлімдеген.

Автолизинг арқылы азамат жаңа көлікті ұзақ мерзімге пайдаланып, ай сайын төлем жасайды. Шарт мерзімі аяқталған соң көлікті сатып алуға немесе лизингтік компанияға қайтаруға болады. Бағдарлама тек жаңа автокөліктерге қолданылады.

Ерсайын Нағаспаев бағдарламаның іске қосылуы сәтсіз аяқталды деген пікірмен келіспейтінін айтты. Оның сөзінше, тетік тоқтатылған жоқ, анықталған тәуекелдерге қарай жетілдіріліп жатыр.

Соңғы жаңалықтар