$ 465.08 € 536.52 ₽ 5.56

Қазақстанда алтын бағасы күн сайын өсіп барады: Бір граммы қанша

Редакция
13 тамыз 2026, 10:04
Қазақстанда алтын бағасы күн сайын өсіп барады: Бір граммы қанша Сурет авторы: 7kun.kz

Қазақстанда алтынның есептік бағасы рекордтық көрсеткішке жетіп, бір грамм үшін 66 004,73 теңгені құрады. Ұлттық банк ұсынған мәліметтерге сүйенсек, бұл бағалы металл қатарынан алтыншы сауда күні қатарынан қымбаттауын жалғастыруда.

Мәселен, 6 тамызда ғана алтынның бір граммы 62 787,45 теңге тұрса, небәрі бір аптаның ішінде баға 5,1%-ға өсіп үлгерді.

nationalbank.kz

Бұл жаһандық өзгерістерге тікелей байланысты. Bloomberg агенттігінің хабарлауынша, әлемдік нарықта споттық алтын унциясы шамамен 4 400 доллар шамасында саудаланып, күн ішінде он апталық ең жоғары деңгейін жаңартты.

Бағаның бұлайша шарықтауына АҚШ-тан келген экономикалық жаңалықтар түрткі болды. Шілде айында Америкада тұтыну бағалары небәрі 0,1%-ға өскен, ал бір апта бұрын еңбек нарығы бойынша әлсіз есеп жарияланған болатын. Салдарынан инвесторлар Федералды резервтік жүйе қыркүйек айында пайыздық мөлшерлемені көтермейді деген қорытындыға келді. Бұл пайыздық кіріс әкелмейтін алтынның бағасын күрт көтерді.

Oversea-Chinese Banking Corp стратегі Кристофер Вонгтың пікірінше, егер АҚШ деректері инфляцияның баяулауын көрсетуді жалғастырса және ФРС-тің ставканы көтеру қаупі төмендесе, алтын тағы да қымбаттауы мүмкін. Сонымен қатар, нарыққа орталық банктердің, әсіресе Қытай реттеушісінің алтын сатып алу көлемін арттыруы да айтарлықтай қолдау көрсетуде.

Алтынның болашағы енді Таяу Шығыстағы геосаяси жағдайға тікелей байланысты. АҚШ пен Иран арасындағы Ормуз бұғазын ашу туралы келіссөздер аясында мұнай бағасы апталық өсімге қол жеткізіп жатыр. Өңірдегі кез келген шиеленіс шикізат бағасын қайтадан шарықтатып жіберуі мүмкін.

Соңғы жаңалықтар