$ 503.44 € 593.35 ₽ 6.55

Қазақстанда 400-ден астам жаңа дәрі-дәрмек түрі өндіріледі

Редакция
30 қаңтар 2026, 14:19
Қазақстанда 400-ден астам жаңа дәрі-дәрмек түрі өндіріледі Сурет авторы: Ригла

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Шетелдік инвесторлар кеңесінің отырысында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету барысын баяндады.

Министрдің айтуынша, инвесторлармен бірлесе отырып, елдің алдағы 10–15 жылға арналған қажеттіліктері ескерілген жаңа инвестициялық тетіктер әзірленді. Енді инвесторларға салықтық және кедендік жеңілдіктерден бөлек, өнімді өткізудің ұзақ мерзімді кепілдіктері де беріледі.

Қазіргі таңда Үкімет жалпы құны 620 млн доллар (316 млрд теңге) болатын 6 инвестициялық жобаны мақұлдады.

«Бұл - ең алдымен Қазақстанның дәрі-дәрмек егемендігі мәселесі. Алдағы 2-4 жылда елімізде 400-ден астам жаңа дәрі-дәрмек түрі шығарыла бастайды», - деді Ақмарал Әлназарова.

Соңғы екі жылда фармацевтика саласына құйылған инвестиция көлемі екі есеге жуық артып, 87 млн долларға жетті. Жаңа жобалар аясында 1 мыңнан астам жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда.

Сондай-ақ, 1 қаңтардан бастап ТМККК (тегін медициналық көмек) және МӘМС шеңберіндегі дәрілер мен медициналық қызметтерді сату ҚҚС-тан (НДС) босатылды. Сонымен қатар жалған дәрі-дәрмек айналымы үшін жауапкершілікті күшейту бойынша түзетулер дайындалды.

Соңғы жаңалықтар