$ 465.08 € 536.52 ₽ 5.56

Қазақстан туралы арандатушы пікір айтқан шетелдік стримерге елге кіруге бес жылға тыйым салынды

Наурызбек Лесов
13 тамыз 2026, 10:28
Қазақстан туралы арандатушы пікір айтқан шетелдік стримерге елге кіруге бес жылға тыйым салынды Сурет авторы: Астана ПД

Шетелдік стример Fasoollka Twitch желісіндегі тікелей эфирлерінде Қазақстан туралы арандатушы пікір айтқаны үшін әкімшілік жауапқа тартылды. Оған айыппұл салынып, Қазақстанға кіруіне бес жылға шектеу қойылды, деп хабарлады Астана қаласының Полиция департаменті.

Полиция мәліметінше, әлеуметтік желілерде блогердің тікелей эфирлерінен үзінділер тараған. Онда ол Қазақстан туралы кемсітетін және өрескел пікірлер айтқан. Атап айтқанда, елдің аумақтық тұтастығына және жекелеген қалалардың Қазақстанға тиесілі екеніне күмән келтіріп, халықтың мәдениетін келемеждеген және азаматтардың ар-намысына тиетін сөздер айтқан.

Шетелдік стримердің тікелей эфирлерін полиция қызметкерлері әлеуметтік желілерді бақылау барысында анықтаған. Жиналған материалдар сотқа жіберіліп, сот блогерді әкімшілік жауапқа тартып, айыппұл салды.

Осыдан кейін оның Қазақстаннан шығуына байланысты шаралар қабылданды. Сонымен қатар Fasoollka-ның елге қайта кіруіне бес жылға шектеу қойылды.

Астана полициясы шетел азаматтарының Қазақстанға еркін келе алатынын, алайда ел аумағында жүрген кезде заң талаптарын сақтап, мемлекет пен оның азаматтарына құрметпен қарауға міндетті екенін еске салды.

Соңғы жаңалықтар