$ 440.86 € 500.77 ₽ 5.27

Қазақстан ТМД елдеріндегі қылмыскерлерді онлайн іздейтін болды

Редакция
30 қыркүйек 2026, 11:18
Қазақстан ТМД елдеріндегі қылмыскерлерді онлайн іздейтін болды Сурет авторы: depositphotos.com

Құрылтай ТМД-ға қатысушы мемлекеттер арасында мемлекетаралық іздестіру кезінде электронды ақпарат алмасуды көздейтін хаттаманы ратификациялау туралы заңды екі оқылымда қабылдады.

Ішкі істер министрінің міндетін атқарушы Санжар Әділовтің хабарлауынша, қабылданған құжат Достастық елдерінің құзыретті органдарына іздестіру іс-шаралары аясында мәліметтерді электронды форматта жедел алмасуға мүмкіндік береді. Бұл іздеуде жүрген тұлғалардың орнын анықтау мен бірлескен әрекеттерді үйлестіруді айтарлықтай жеделдетеді.

Жаңа тәртіп мынадай санаттағы азаматтарды іздестіру кезінде қолданылады:

  • Сот шешімдерін орындаудан жалтаратын тұлғалар;

  • Хабар-ошарсыз кеткен азаматтар;

  • Туыстарымен байланысын жоғалтқан немесе өзі туралы ақпарат бере алмайтын адамдар.

Аталған хаттама 2024 жылғы 8 қазанда Мәскеу қаласында жасалған. Құжатты ратификациялау ТМД аумағында іздестіру қызметін цифрландырудың құқықтық негізін бекітеді. Сонымен бірге, Қазақстан Қатар Мемлекетімен де қылмысқа қарсы күрес бағытындағы екіжақты ынтымақтастықты нығайтып келеді.

Соңғы жаңалықтар