$ 455.4 € 526.99 ₽ 5.25

Қазақстан Ресеймен АЭС салу жөніндегі келісімшартқа қол қойды

Абдрахманов Мағжан
03 қыркүйек 2026, 10:16
Қазақстан Ресеймен АЭС салу жөніндегі келісімшартқа қол қойды Сурет авторы: depositphotos

«Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС мен «Росатом» мемлекеттік корпорациясының еншілес кәсіпорны «Атомстройэкспорт» АҚ Қазақстанда атом электр станциясын жобалау, жабдықтау және салу жөніндегі келісімшартқа қол қойды. Бұл туралы Атом энергиясы жөніндегі агенттіктің баспасөз қызметі хабарлады.

Құжат Владивостокта өтіп жатқан XI Шығыс экономикалық форумы аясында жасалды. Атом энергиясы жөніндегі агенттік төрағасы Алмасадам Сәтқалиевтің айтуынша, бұл – қазіргі Қазақстандағы алғашқы АЭС-ті Ресей технологиясы бойынша салуға арналған негізгі келісімшарт.

«Росатом» бұған дейін АЭС салынатын аумақта инженерлік іздестіру жұмыстарын жүргізіп, құрылысқа әсер ететін факторларды зерттеген.

Сәтқалиев Қазақстан тарапы енді құрылысты бастауға қажетті ел ішіндегі рәсімдерді жүргізуге дайын екенін мәлімдеді. Соның ішінде тиісті лицензия берілуге тиіс. Агенттік төрағасының айтуынша, лицензияның берілуі АЭС құрылысын бастауға негіз болады.

Құрылыс жұмыстарын 2027 жылы бастау жоспарланып отыр. Ал алғашқы энергия блогын он жыл ішінде аяқтап, пайдалануға беру көзделген.

Сәтқалиевтің сөзінше, АЭС құрылысы кезінде жаңа жұмыс орындары ашылып, Қазақстанда өндірілген құрылыс материалдары мен құрастырмалар пайдаланылады. Қазір отандық өндірушілердің тізімі жасалып жатыр.

Бұған дейін агенттік басшысы алғашқы энергия блогын 2034 жылы іске қосу жоспарланғанын айтқан еді. Оның сөзінше, әріптестермен жасалған уағдаластық бойынша алғашқы бетон құйылғаннан кейін жеті жыл ішінде бірінші блокты пайдалануға беру көзделген.

Қазақстандағы атом электр станциясының құрылысына шамамен 16,4 млрд доллар жұмсалады деп жоспарланып отыр.

Соңғы жаңалықтар