$ 476.07 € 541.86 ₽ 6.08

Қазақстан Ресейге артық мұнай өнімдерін жеткізуі мүмкін

Абдрахманов Мағжан
26 шілде 2026, 16:47
Қазақстан Ресейге артық мұнай өнімдерін жеткізуі мүмкін Сурет авторы: Depositphotos

Қазақстан қажет болған жағдайда Ресейге елдегі артық мұнай өнімдерінің бір бөлігін жеткізе алады. Бұл туралы Ресей премьер-министрінің орынбасары Александр Новак мәлімдеді.

Оның айтуынша, бұл мәселе Қазақстан тарапымен талқыланған. Сөз Ресей нарығында қажеттілік туындаған жағдайда жеткізілуі мүмкін шағын көлемдегі жанармай туралы болып отыр.

«Қазіргі жағдайда әріптестерімізбен Қазақстандағы артық көлемді, рас, ол көп емес, қажет болса Ресей Федерациясына жеткізуге болатыны жөнінде келістік. Бұл Ресей мен Қазақстанның ішкі нарықтарының тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған өзара мүдде», – деді Новак.

Бұған дейін Reuters 24 маусымда салалық дереккөздерге сүйеніп, Қазақстан мен Ресей АИ-92 бензинінің шамамен 50 мың тоннасын Ресейге жөнелту мүмкіндігін талқылап жатқанын хабарлаған. Қазақстанның энергетика министрі Ерлан Ақкенженов сол кезде Ресейден ресми өтініш түспегенін, мұндай сұрау түссе, шешім ішкі нарықтағы жағдайға қарай қабылданатынын айтқан.

Қазақстанда мұнай өнімдерін, соның ішінде бензин мен дизель отынын шетелге шығаруға алты айлық тыйым бар. Шектеу 2026 жылғы 21 мамырдан 21 қарашаға дейін қолданылады және Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне жеткізілімге де қатысты. Энергетика министрлігі бұл шараны ішкі нарықты жанармаймен тұрақты қамтамасыз ету қажеттігімен түсіндірген.

Министрлік бұдан бөлек, тыйымды тағы алты айға, яғни 2026 жылғы 22 қарашадан 2027 жылғы 22 мамырға дейін ұзартуды ұсынған.

Соңғы жаңалықтар