$ 481.83 € 556.8 ₽ 5.85

Қазақстан Ресейден мал азығын әкелуге шектеу қойды

Абдрахманов Мағжан
26 наурыз 2026, 17:15
Қазақстан Ресейден мал азығын әкелуге шектеу қойды Сурет авторы: Екатерина Кузьмина / РБК

Қазақстан Ресейден келетін мал азығы мен бірқатар ауыл шаруашылығы өнімін импорттауға уақытша шектеу қойды, деп хабарлады Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты мемлекеттік инспекция комитеті.

21 наурызда қабылданған құжатқа сәйкес, елге бидай, қарабидай, арпа, сұлы, жүгері, соя бұршақтары (тұқымнан өзге), сондай-ақ олардың өңделген өнімдері мен мал азығына арналған компоненттерін әкелуге тыйым салынды. Тізімге кебек, крахмал өндірісі қалдықтары және дайын жемдер де енгізілген.

Министрлік бұл шешімді Ресейде мал ауруларының өршуіне байланысты ветеринарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету қажеттілігімен түсіндірді. Құжатқа сәйкес, тыйым салынған өнімдер ел аумағында анықталған жағдайда, олар кері қайтарылады. Өңірлік бөлімшелерге мұндай жүктерді шекарадан өткізбей, келген жағына қайтару тапсырылған.

Салалық сарапшылардың мәліметінше, қазақстандық теміржол операторы Ресейден келген астық тиелген вагондарды кері қайтара бастаған. Шектеудің нақты қанша уақытқа созылатыны әзірге белгісіз.

Соңғы жаңалықтар