$ 456.89 € 531.36 ₽ 5.32

Қазақстан мұнайының негізгі экспорт бағыты маңында дрон оқиғасы болды

Абдрахманов Мағжан
10 қыркүйек 2026, 09:40
Қазақстан мұнайының негізгі экспорт бағыты маңында дрон оқиғасы болды Сурет авторы: inbusiness.kz/ ЖИ

8 қыркүйекте Каспий құбыр консорциумының теңіз терминалы маңында ұшқышсыз ұшу аппаратына байланысты оқиға болды. Соның салдарынан екі айлақ қондырғысында мұнай тиеу жұмыстары уақытша тоқтатылды, деп хабарлады Қазақстанның Энергетика министрлігі.

Министрліктің мәліметінше, оқиғадан кейін №2 және №3 айлақ қондырғыларындағы тиеу жұмыстары тоқтатылған. Кейін КҚК-ның жүк тиеу жүйелері мен танкерлер тексеріліп, жұмысты жалғастыруға кедергі келтіретін ақау анықталмаған. Қоршаған ортаға әсер де тіркелмеген. Қазір мұнай тиеу қалыпты тәртіпте қайта жалғасқан.

Энергетика министрлігі қазақстандық мұнай жөнелтушілерден шикізат қабылдауға ешқандай шектеу енгізілмегенін атап өтті. Яғни оқиға Қазақстан мұнайын құбыр жүйесіне қабылдауға әсер етпеген.

Каспий құбыр консорциумы Қазақстан мұнайын сыртқы нарыққа шығарудың негізгі бағыттарының бірі саналады. 2025 жылы осы жүйе арқылы 64,8 млн тонна мұнай тасымалданған.

КҚК инфрақұрылымы бұған дейін де дрон шабуылдарына тап болған. Биыл 17 және 19 шілдеде Қара теңізде КҚК арқылы мұнай тасымалдауға қатысқан азаматтық кемелерге дрондар шабуыл жасаған. Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі бұл әрекеттерді елдің экономикалық мүдделеріне қол сұғушылық деп бағалап, айыптаған.

Соңғы жаңалықтар