$ 469.71 € 536.17 ₽ 6.01

Қазақстан мұнайы тоқтаған соң Германия басқа жақтан мұнай ала бастады

Абдрахманов Мағжан
15 шілде 2026, 09:40
Қазақстан мұнайы тоқтаған соң Германия басқа жақтан мұнай ала бастады Сурет авторы: AP Photo / Sue Ogrocki

Германиядағы PCK Schwedt мұнай өңдеу зауыты Қазақстан мұнайының «Достық» құбыры арқылы жеткізілуі тоқтағаннан кейін Оңтүстік Америкадан әкелінген мұнайды қабылдай бастады. Бұл туралы Польшаның UNIMOT энергетикалық тобы хабарлады.

Компанияның мәліметінше, мұнай тиелген кеме 2026 жылғы шілдеде Польшаның Гданьск қаласындағы теңіз айлағына жеткізілген. Одан әрі шикізат PERN компаниясының құбыр желісімен Германияның Шведт қаласындағы зауытқа жөнелтіледі. Бастапқы мәліметте мұнай маусымда жеткізілгені айтылғанымен, UNIMOT-тың ресми хабарламасында шілде деп көрсетілген.

«Қазақстан мұнайының “Достық” құбыры арқылы жеткізілуі биыл мамырда тоқтағаннан кейін PCK зауыты UNIMOT тобының көмегімен Оңтүстік Америкадан қосымша мұнай партиясын сатып алды. Бұл Шығыс Германия мен Батыс Польшаның жанармай қауіпсіздігін нығайтады», – делінген компания хабарламасында.

PCK Schwedt зауыты Берлин мен Бранденбургте тұтынылатын бензин, дизель отыны, ұшақ отыны және мазуттың шамамен 90 пайызын өндіреді. Зауытта шығарылатын екі миллион тоннаға жуық дайын өнім жыл сайын Польшаның батыс өңірлеріне де жеткізіледі.

Қазақстан Германияға мұнайды «Достық» құбыры арқылы 2023 жылдан бастап экспорттады. Алайда 2026 жылғы мамырда бұл бағыттағы тасымал тоқтатылды. UNIMOT жаңа жеткізілімнің зауытты балама шикізатпен қамтамасыз етіп, бір ғана тасымал бағытына тәуелділікті азайтатынын мәлімдеді.

Соңғы жаңалықтар