$ 485.55 € 563.38 ₽ 6.81

Қазақстан мен Ресей АЭС құрылысы бойынша келісімге қол қойды

Абдрахманов Мағжан
28 мамыр 2026, 15:03
Қазақстан мен Ресей АЭС құрылысы бойынша келісімге қол қойды Сурет авторы: gov.kz

Қазақстан мен Ресей Қазақстан аумағында атом электр станциясын салу жөніндегі ынтымақтастық шарттары туралы келісімге қол қойды. Құжат Астанада Ресей президенті Владимир Путиннің мемлекеттік сапары аясында рәсімделді.

Келісімге Қазақстанның Атом энергиясы агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев пен Ресейдің “Росатом” мемлекеттік корпорациясының бас директоры Алексей Лихачев қол қойған. Құжатта АЭС жобасын қаржыландыру үшін Қазақстанға Ресей тарапынан мемлекеттік экспорттық несие беру де қарастырылған.

Сапар аясында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей президенті Владимир Путин екі ел халықтарының достығы мен тату көршілігінің жеті негізі туралы бірлескен мәлімдемеге де қол қойды.

Сонымен қатар тараптар үкіметаралық және ведомствоаралық бірнеше келісім жасасты. Олардың қатарында “Қазақстан – Сириус” халықаралық мектебін құру, мұнай саласындағы ынтымақтастық, қылмыстық кірістерді заңдастыру мен терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл, Қазақстан Ұлттық банкі мен Ресей Орталық банкі арасындағы валюталық своп, көлік, ядролық және радиациялық қауіпсіздік, денсаулық сақтау және теміржол тасымалын цифрландыру салаларындағы құжаттар бар.

Бұған дейін Алмасадам Сәтқалиев Қазақстандағы алғашқы АЭС құрылысын қаржыландыру мемлекетаралық несие есебінен жүзеге асырылуы мүмкін екенін айтқан. Оның сөзінше, жобаның шамамен 85 пайызын Ресей қаржыландыруы ықтимал.

Алдын ала есеп бойынша екі энергия блогынан тұратын жобаның құны шамамен 15 миллиард долларды құрайды. Әр блоктың қуаты 1200 мегаватт болады.

Соңғы жаңалықтар